Қонаев қаласының қасындағы "Құрылысшы" саяжайында электр жарығы жиі сөнеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елдімекендегі тоқ тарататын құрылғының әбден ескіруі себепті жиі күйіп кетеді. Жарық өшкесін не су, не жылу жоқ. "Құрылысшы" саяжайында мыңнан аса адам бар. Демалыс күндері келіп, бау-бақшамен айналысуға арналған үйлердің иелері қазір осында жыл он екі ай тұрақты тұрады. Электр қуатын тұтыну артқан соң ескі трансформатор қысымға шыдас бермей, жиі бұзылады.
"Жарық өшкен соң, үйдегі тұрмыстық техника да күйіп кетеді", - дейді тұрғындар.
"Трансформатор құдайдың құтты күні тарс етіп атылып, жанып жатады. Жарық өшсе, су өшеді, су өшсе, сеть ұстамайды. Сөйтіп отырамыз, интернетсіз сусыз, жарықсыз. Бір сағаттан кейін қосамыз дейді, ол жоқ. Күтіп отырамыз кешке дейін", - дейді саяжай тұрғны Айша Өмір.
Саяжай тұрғындары бірлестік құрып, ай сайын электр жарығының ақшасын бір шотқа жіберіп төлейтін. Мұндағы тоқ тарифі 1 киловатына 28 теңге. Бірақ бірлестіктің "Алматы жарық компаниясына" қарызы өсіп кетуінен мекеме жарықты жиі сөндіретін болған. Қазір Қонаев қаласының әкімдігі электр жүйесін жаңалауға кірісті.
"Бүгінгі таңда саяжай кооперативінің Алатау жарық компаниясына 30 миллион теңгедей берешектері бар. Олар халық жарықтың ақшасын төлемеген соң жарықты қайта-қайта сөндіріп тастайды. Қазіргі таңда электр желілерін өзіміздің балансымызға алып жатырмыз. Алты трансформатор орнаттық. Жұмыстар жалғасып жатыр", - деді Қонаев қалалық тұрғын үй комуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Қарақонысов.
Саяжай аумағы ұлғайған соң жаңа электр бағаналары орнатылады. Шағынаудан қаланың құрамына кіреді. Трансформаторлар толық ауыстырылғаннан кейін әр абонемент қалалық электр жүйесіне жалғанады. Сонда тариф те арзандайды. Бұл жұмыс бір айдың көлемінде аяқталуы керек.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!