- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Саяхатты" өзімізге қайтарсын"....
"Саяхатты" өзімізге қайтарсын". Алматы облысында тұрғындар автобекет жекеменшікке өткеніне наразы
Алматыда тұрғындар "Саяхат" автобекетінің жері жекеменшікке өткеніне наразы. Олар қаланың қақ ортасындағы аумағы 5 гектар жер түгел темір қақпамен қоршалғанын, маңына көлік қоюға да рұқсат жоқ екенін айтып, шағымданып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыс тұрғындарының сөзінше, адам тасымалдап жүрген көліктерді қоятын орын жоқ.
"Онсыз да көлік кептелісінен ауасы ластанып, көшесі тарылған Алматының қақ ортасындағы көлемді жердің бос тұрғаны ақылға қонымсыз. Осы жерге күнде Кегеннен адам әкелеміз. Жолаушы тасымалдаймыз. Бірақ ешқандай жерге көлік қоюға рұқсат жоқ. Көлік қойсаң болды, тәртіп сақшылары келіп, айыппұл салады", - дейді көлік жүргізушісі Нұрлан Шілікбаев.
Ал Алматыдан Нарынқолға жолға шыққан зейнеткер Мейрамгүл Еспенбетова "Саяхат" бар кезде жолаушылар да, көлік жүргізушілері де бұлай қиналмағанын айтады.
"Саяхаттағы" алып сағатты білмейтін жан кемде кем еді. Қазіргідей ұялы байлыныс жоқ кезде уәделі уақытта, сағаттың астында жақындарымызбен қауышатын едік. Ақ жол айтып, сәт сапар тілейтінбіз. Қазір жолаушылар далада жүр. Кететін көлік таппайсың. Тапқан сәттің өзінде "анда тұруға болмайды, мында тұруға болмайды" деп әбден мазаны қашырады. Ал бекеттің орны бос тұр. Жерді мемлекетке қайтару керек қой. Сонда қарапайым халық көлік іздеп, шарқ ұрмас еді. Бірақ оған назар аударып, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Алматы қаласы әкімдігінен сұрайтынымыз, "Саяхатымызды" өзімізге қайтарып берсе. Осында жолаушы тасып жүргеннің барлығы - қазақтың азаматы. Бұлар да жетіскеннен жүрген жоқ қой мұнда. Автовокзал қалпына келсе, бұлар да жұмысқа орналасар еді ғой", - дейді ол.
Ал күнделікті кешкі уақытта Сүйінбай мен Райымбек даңғылдары қиылысқан тұста адам көбейеді. Автобус күткен адамдар аялдамаға сыймай, жолға шығып кетеді. Бұл адам өміріне қауіп төндіреді. Шалғай ауылдарға автобус жүрмейді. Тіпті жақын жердегі Талғарға автобуспен жету қиын. Сондықтан адамдар амалсыз таксиге мінеді.
"Қала әкімдігі мұны қадағалап қараса. Бізге бекет керек. "Заман дамыды" деп жатырмыз ғой, "ауылға көңіл бөліп жатырмыз" дейді. Бірақ, сол көңіл осындай қарапайым заттардан басталмай ма? Ауылдықтар тартынып-тартынып, бала-шағасы үшін қалаға келеді. Көрген азаптары мынау", - дейді Райымбек ауданының тұрғыны Нұрсовет Шілікбаев.
Бірнеше жылдан бері "Саяхат" маңында көлік қоятын тұрақ таппай қиналған 50 адам қаладағы заң палатасының көмегіне жүгінген.
"Қала әкімдігі "Саяхат" автобекетін 2008 жылы сүріп тастады. Сол кезде әкімшілік автобус паркі мен такси жүргізушілері үшін арнайы тұрақ бөлуі керек еді. Алайда ондай арнайы орынды ешкім берген жоқ. Сондықтан автобус та, такси де кез келген жерге тоқтап, күнде айыппұлға ілініп жатыр. Қазір жолаушылар атынан сенімхат алып, Жетісу аудандық әкімдігіне, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың атына арыз жазып жатырмын", - дейді қала палатасы төрағасының орынбасары Ғабит Өмірбеков.
Қала көркі болған бекет ғимараты осыдан 15 жыл бұрын қоғам белсенділерінің қарсылығана қарамастан сүріліп, жермен жексен етілген. Қалалық құрылыс қадағалау басқарамасының ақпаратына сәйкес, бос жерді Sayahat Realty ЖШС 2018 жылы тұрғын үй кешенін салу үшін сатып алған. Алайда қазір нысан салуға қажет жобалық құжаттамалар түгел болмағандықтан, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ.
Алмас Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова