"Саябақты сүріп тұрғын үй салмақшы". Президентке дейін хат жазған астаналық тұрғындар мәселенің шешілмей жатқанына наразы

"Саябақты сүріп тұрғын үй салмақшы". Президентке дейін хат жазған астаналық тұрғындар мәселенің шешілмей жатқанына наразы
Фото: Автордан

Астанада элиталық санаттағы "Городской романс" үйінің тұрғындары алты айдан бері әбден басы қатқан. Өйткені олар тұратын Президент саябағы (Иван Панфилов пен Тәуелсіздік көшесінің қиылысында орналасқан) маңына BI group компаниясы көпқабатты ғимарат салмақшы. Тұрғындар болса, "саябақты бүлдіріп, орнына жаңа нысандардың салынуына қарсымыз. Құрылыстың кесірінен экологияға зиян келеді, жасыл белдеу құртылады" деп көктемнен бері дабыл қағып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жанымызда өте әдемі жасыл парк бар. Енді осы жерде бизнес орталық салынайын деп жатыр. Біздің үкімет экология, жасыл белдеу, ағаштар болу үшін қаншама ақша бөліп, осы паркті салды?! Енді Үкімет ақшасына салынған парк аумағын құртып, бизнес орталық салмақшы. Біздің саябақта қояндар, кірпілер, құстар бар. Біз экологияға зиян келтіретін құрылысқа қарсымыз. Талай рет президенттің атына да хат жазғанбыз. Экология министрлігіне Instagram-дағы тікелей эфир кезінде сұрақ қойдық. Алайда әлі күнге дейін мәселеміз шешілген жоқ. Көктемнен бері әкімшілік те қанағаттанарлық жауап берген жоқ. Ал жыл сайын Астанамыздың халқы көбейіп келеді. Қала тұрғындары демалатын саябақ аз. Үкімет ақшасына салынған саябақ орнына неге бизнес орталық салынады? Түсінсек бұйырмасын. Бұлай саябақтың орнына ғимаратттар сала беретін болса, біз саябақсыз қаламыз ғой. Қашанғы жер жетпей жатқандай саябақты сүріп үй сала береміз? Жұрт қайда серуендейді сонда?", – дейді тұрғындар.

 Қазір саябақ шетіне тас, цемент, құбыр секілді құрылыс заттары әкелінген. Алайда BI group компаниясы аталмыш аумақта  ешқандай нысан салмайтынын, тек көпір құрылыс аяқталғанша құрылыс материалдарын сақтауға рұқсаты барын жеткізді.

"Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпір құрылысын мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес "Қазақдорстрой" және "Базис" құрылыс компаниялары жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, саябақ аумағанда әкімдіктен бөлінген арнайы аумақта, құрылыс аяқталғанға дейін материалдарды сақтауға рұқсат бар. Экологиялық мәселелерге келетін болсақ, біздің компания өз қызметін, тек қоршаған ортаға қамқорлықпен жүргізеді. Сондықтан, жоба аяқталғаннан кейін, тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Өздеріңіз білетіндей, жасыл су-бұл адамның іс-әрекетінің нәтижесі емес, өзеннің табиғи және жыл сайынғы гүлденуі. Бояу туралы. Бұл көпір монолитті, сондықтан ол боялмайды. Біздің компанияның Арыс көпірін бояуға ешқандай қатысы жоқ. Құрылыс ауданында суды өткізу үшін LRT астында салынып жатқан учаскеде және көпірде салынған құбырлар қарастырылған. Көпірдің құрылысы 2023 жылдың соңына дейін аяқталады, содан кейін техникалық жол ашылады. Арнаны бөлшектеу және жағалауды қалпына келтіру 2024 жылы жүзеге асырылады. Тек ресми ақпаратқа сенуді және тексерілмеген алыпсатарлықты таратпауды сұраймыз", – делінген  BI group-тың әлеуметтік желідегі хабарламасында.

 

      "Городской романс" тұрғындары  болса, "құрылыс компаниясының бұл мәлімдемесіне сенбейміз. Себебі "esaulet" мемлекеттік порталындағы құжатта жағдай басқаша көрсетілген. Онда бұл жерде көппәтерлі және көпқабатты тұрғын үй кешені салынады деген. Геопорталда осы аумаққа құрылыс нысанын салушы "BI Development Astana". Жекеменшік мүлік" деп жазулы тұр" деп отыр.

 

Тұрғындардың айтуынша, саябақ маңына бастапқыда 22 қабатты ғимарат тұрғызу жоспарланған. Жергілікті тұрғындардың наразылығынан кейін құрылысты салушы компания 22 қабаттан – 9 қабатқа азайтқан көрінеді.

Бұл проблеманы көтеріп, "Городской романс" тұрғындары Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына хат жазған.

Бірақ биыл сәуір айынан бері мардымды жауап алмаған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы