- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "SAUMED" сауда белгісі...
"SAUMED" сауда белгісі экспорттық тауарға айналуы мүмкін
Былтыр Қарағанды облысында бие сүтінен құрғақ концентрат өндіретін зауыт ашылды. Зауытта өндірілген ұлттық сусын ірі валюталық түсімге айналуы мүмкін. Бұл туралы еліміздің ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.
Табиғи бие сүтінің биологиялық құндылығы мен пайдалы қасиеттерін сақтай отыра пастерлеуді және кептіруді "ZollMann Stutenmilch GmbH" неміс компаниясының жаңартпа технологиясы іске асырады. Жоба тек өңдеумен ғана емес, сүтті өндірумен де айналысады. Жылқылар сатып алынып, сауын құрылғылары қондырылды. Іске қосуда қиындықтар туды. Жөндеулер жүргізілді. Қазір зауыт өнім шығаруды бастады.
Бұл - адам ағзасы үшін өте пайдалы тағам. Емдік қасиеті де бар (иммунитет көтеру, асқазан-ішек, бауыр, ұйқы безі ауруларын емдеу және т.б.). Балаларға да ересектерге де қолдануға болады. Бастаушы жобаның саудалық белгісі "SAUMED" (қазақша жаңа сауған бие сүті - САУМАЛ) деп тіркелді.
Өнім экспорттық саудада сұраныста болғандықтан, болашақта ірі экспорттық тауарлардың біріне және еліміздің бірден-бір ұлттық сауда белгісіне айналуы әбден мүмкін.
Бүгінде елімізде жылқы басының саны 2 миллионға жетті. 100 мың биенің қайта өңделген сүтінің өзі 1 млрд долларды құрайтын өнім бере алады (орташа сауымы 500 литр, 1/10 концентрат шығымы, бағасы 200 $/ кг). Ұлттық сусын қазіргі жағдайда қажетті ірі валюталық түсімге айналуы мүмкін, - деп жазды Асылжан Мамытбеков.
А. Жапатова