Саудаға түскен сәби, вебкам студия, АИТВ жұқтырғандар: жантүршігерлік жайттар әшкере болды

Саудаға түскен сәби, вебкам студия, АИТВ жұқтырғандар: жантүршігерлік жайттар әшкере болды
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі адам саудасына қатысты қылмыстарды әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Cәуірде ел аумағында "STOP трафик" атты жедел профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркеліп, соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 дерек анықталған.

"Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату схемасы әшкереленді. 25 жастағы әйел бала туғанға дейін және туғаннан кейін арнаулы қоғамдық қорда тұрған. Ол баладан бас тартуына байланысты қор жетекшісі делдал ретінде әрекет етіп, сәбиді асырап алу мақсатында облыстың 50 жастағы тұрғынына бір миллион теңгеге сатуды ұсынған. Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Алматыда қылмыстық мақсатта пайдалану үшін адам саудасымен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты соталды тергеу басталды. Қылмыстық топтың әрекеті тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды тауып, олардың жалған оң несие тарихын қалыптастырып, кейін сол адамдардың атына Алматы, Шымкент қалаларында қымбат көліктер рәсімдеп, одан әрі сатуға бағытталған. Қазір негізгі ұйымдастырушылар ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.

Жетісу облысында жедел іздестіру іс-шаралары барысында 2005 және 2007 жылы туған жергілікті екі тұрғынға қатысты мәжбүрлі еңбек дерегі анықталған.

Оларды ұрлап әкетіп, бір ай бойы күш қолдану арқылы заңсыз бостандығынан айырып, тұрмыстық химия өндірісіне жұмысқа жеккен. Бұл дерекке қатысты адамды қанау мақсатында ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетілген.

"Абай облысында жүйелі табыс табу мақсатында Қазақстанның бірнеше қаласында вебкам бизнеске арналған порностудиялар ұйымдастырған ерлі-зайыпты ұсталды. Олар міндетті бөлісіп, жас қыздарды іздеумен және осы іске тартумен, сондай-ақ, порнографиялық сипаттағы түсірілімдер жүргізуге арналған орындарды ұйымдастырумен айналысқан. Соталды тергеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ, адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру дерегі бойынша 15 соталды тергеп-тексеру және порнографиялық материалдарды заңсыз тарату бойынша 5 соталды тергеп-тексеру басталды", - деді ІІМ өкілі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget