Сауда министрлігі "Қазақстан Ресейге 106 тауар түрін экспорттамайды" деген ақпаратқа қатысты түсінік берді

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Ресейге 106 тауар түрін экспорттамайды деген ақпаратқа қатысты ресми түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство бұл ақпараттың дұрыс еместігін ресми түрде мәлімдеді.

"Қазақстан мен Ресейдің сауда қатынастарын реттеу Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарттың ережелеріне толық сәйкес жүргізіледі. Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Ресей Федерациясына кез-келген тауарларды экспорттауға тыйым салынбаған. Бұл ретте экспорттық бақылауға жататын “қос мақсаттағы" тауарлармен сауда ҚР халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтеміз. ҚР заңнамасына сәйкес мұндай тауарларға қатысты экспорт, импорт және транзит кезінде тиісті лицензия алу қажет.

Парламент Сенатының аумағында журналистің сұрағына жауап ретінде вице-министр Қайрат Төребаев айтқан тауарлардың 106 түрі қос мақсаттағы тауарлар тізбесіне кіреді. Бұл ретте қос мақсаттағы тауарларды экспорттық бақылау халықаралық тәртіпке сай 20 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтеміз", - деп хабарлады министрлік.

Еске салайық, бұған дейін Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев еліміз әскери мақсатта пайдалатын 106 тауарды Ресейге экспорттамайтынын айтқан еді.

"Біз (Ресей аумағы арқылы - еск.) барлық тауарды экспортқа шығарып жатырмыз. Алайда соғысқа қатысы бар экспорттық тауарлардың шектеп тастадық. Бұл - алуан түрлі 106 тауар. Біз оларды экспортқа мүлдем шектеп тастадық. Олар (Ресейге - еск.) бармайды", - деді вице-министрдің орынбасары Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Қайрат Төребаев бұл қандай тауарлар екеніне тоқталды.

"Мысалы, дрондар. Оның ішіндегі заттар. Сондай-ақ арнайы электроника, чиптер, сол сияқты тауарлар бар", - деді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!