- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сауда желісінің басшылығынан...
Сауда желісінің басшылығынан 50 миллион теңге бопсалаған "блогерлер" ұсталды
Петропавлда сауда желісінің басшылығынан ақша бопсалағандар ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Петропавлдың екі тұрғыны жәбірленушіден 50 миллион теңге ақша бопсалаған.
"33 және 34 жастағы екі ер адам әлеуметтік желілерде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға арналған ресурстардың авторлары ретінде көпшілік арасында жақсы таныс. 2022 жылдың басынан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғаймыз деп ер адамдар Петропавлдың сауда нүктелерінде рейдтер жүргізіп отырған; "блогерлер" ретінде сауда желісі қызметкерлерінің қатысуымен арандатушылық сипатындағы бейнероликтер түсіріп отырған. Алайда олар желідегі аудитория арасында танымалдыққа ие болмаған; YouTube арнасы мен Instagram желісінде бірнеше мың жазылушысы бар, көпшілігі - СҚО тұрғындары. Арандату мен жанжал кезінде мерзімі өткен өнімді сату дерегін желеу етіп жүрген. Алайда кей жағдайларда шоколад, сусындар сияқты тауарлардың ақшасын төлемей өздерімен бірге алып кетіп отырған", - делінген хабарламада.
Қыркүйектің басында олар бопсалау арқылы сауда желісінің өңірлік директорынан өз әрекеттерін тоқтатуға 50 миллион теңге сомасында ақша талап ете бастаған. Оларды полиция қызметкерлері бопсалау арқылы талап етілген соманың 5 миллион теңге көлеміндегі бір бөлігін алып жатқан жерінде ұстады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша соталды тергеу басталды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова