“Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниеттіміз“ - Түркия президенті

Режеп Тайип Ердоған республикалық референдумда халық қолдауына ие болған жаңа Конституция Қазақстанның ынтымағын арттыра беретініне сенім білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сонымен қатар, Түркия президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясында барлық салада нығайып келе жатқанын айтты.

"Қадірлі бауырыммен өткізген кездесуде саудадан бастап энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ, жаһандағы өзекті мәселелер секілді көптеген тақырыпта пікір алмастық. Біз сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 14-отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың маңызына тоқталдық. Инвестиция саласында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз. Бүгінгі бизнес форум сияқты іскерлік ортаны біріктіретін іс-шаралар екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санаймын", – деді Түркия президенті.

Кеңес отырысында Қазақстан тарапынан премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Түркия тарапынан сыртқы істер министрі Хакан Фидан, сауда министрі Болат Омер баяндама жасады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!