Алматы облысы КазЦик ауылында мектеп мәселесі өршіп тұр. Ауыл ішіндегі 640 орындық мектепте 1700-ге жуық бала үш ауысыммен білім алады. Ауылдың аумағы тым үлкен болғандықтан балалар білім ошағына дейін 2 шақырым жаяу жүріп баруға мәжбүр. Ал ата-аналар "оқу жылы басталса, бастауыш сыныпта оқитын баламызды жалғыз жіберуге қорқамыз" дейді. Себебі мектепке барар жолда маскүнемдер мен нашақорлар қаптап жүр. Ал ауылға мектеп салу бас жоспары ақпанда белгіленсе де, алты айдан бері құрылыс басталмаған. Тұрғындар жергілікті әкімдіктің қолынан ештеңе келмейді деп налиды. Massaget.kz тілшісі мектепке зар болған бұқараның базынасын тыңдап қайтты.
"Бізге жаңа мектеп керек. Тоқаев мырза бізге жаңа мектеп салып бересіз бе?" Бұл 9 жасар Диана Әметованың мемлекет басшысына айтқан өтініші. Биыл төртінші сыныпқа баратын ол, жыл сайынғы жол ауырлығын сезінгісі келмейді. Бұдан бөлек аталған аумақта дәл осындай 520 бала бар. Олар үйлеріне 2 шақырым қашықтықтағы білім ошағына барып оқуға мәжбүр. Кішкентай бүлдіршіндер білім ордасына шамамен бір, бір жарым сағат жүріп барады екен. Ал ауылға кіретін жалғыз №227-автобусқа балалардың көбі сыймай қалатын көрінеді.
"Бізде ең басты мәселе мектеп. Менің екі балам бар. Мектеп алыс. Білім ордасына баратын жолмен қар еріген, жаңбыр жауған уақытта жүру мүмкін емес. Бірінші, екінші сыныпта оқитын баланы оқуға қалай жібереміз. Мына ессіз жерде алқаш та, нашақор да жүреді. Біз қорқамыз. Сонда балалардың қауіпсіздігіне кім жауап береді? Бір жағдай бола қалса баласын жалғыз жіберген ата-ана кінәлі болып шыға келеді. Сонда ата-ана баласын баға ма, кредитін төлей ме, ақша таба ма не істейді? Әкімдік үнемі құрғақ уәдемен қатырып келеді. Бұл уақытқа дейін ештеңе шешілмеді. Мектептің зары өтті. Осындай қиындықтардан білім ала алмай балаларымыз сауатсыз ұрпаққа айналды", - дейді ауыл тұрғыны Ақтоты Серікқызы.
"2017 жылы көшіп келгенімізді сол кездегі әкім дәл осы жерге мектеп саламыз деп айтқан. Біз ақпан айында телеарнаны шақыртып, 3 гектар жер сұрағанбыз. Содан кейін көктемде жердің иелері бірден іске кірісті. Ағаштардың барлығын қырып тастады. Біз биліктен осы жерді жекеменшіктен алып, мектеп салып беруді талап етеміз. Себебі, қазірдің өзінде ауылдағы 2 мектепке оқушылар симайды. Ал келесі жылы не болмақ? Қазір баланы мектепке таксимен жіберіп отырмыз. Ал ауыл ішіндегі жеке мектептің бағасы 60 мың теңге. Ол мектепке оқытуға барлық ата-ананың шамасы келмейді" дейді ауыл тұрғындары.
КазЦИК ауылындағы 2 мектепте бала саны тым көп. Мәселен, Әнуар Молдабеков атындағы №6 орта мектеп 1975 жылы 640 балаға арнап салыныпты. Қазір мұнда 1696 бала білім алады.
"Бірінші сыныпқа 150 бала қабылданды. 6 сынып болады. Саяжайдан 240 бала бір автобуспен қатынап оқиды. Төрт қазақ, екі орыс сыныбы бар. Бізге басқа мектеп салынса дұрыс болар еді. №42-мектеп салынған кезде оқушылар саны азайды. Алайда ауыл қалаға жақын орналасқандықтан көшіп келіп жатқан адамдар көп. Қазір сол бұрынғы қалыпқа келдік. Бұған дейін білім бөлімінде мектепке қосымша құрылыс салу жайында мәселе талқыланды", - дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Күмісай Садыкова.
Ал ауылға жақын №42 мектеп 900 орындық болағанымен, бүгінде 2000-ға жуық бала бар. Балалар дәл осы мектепке бару үшін бір жарым сағат жаяу жүруге мәжбүр.
Ал әкімдік бұрын белгілеген жер теліміне жайлы мектеп сыймайтын болғандықтан құрылыс басталмай жатып тоқтатылыпты. Ал жаңа құрылысқа жақын маңдағы 22,6 гектар жер 2008 жылы жекеменшікке сатылып кеткен.
Әкім жер иесімен бірнеше мәрте кездескенін айтты. Алайда мердігер 3 гектар жерді мектепке бөліп берген жағдайда қалған 20 гектар аумақты жеке үй шаруашылығына бөліп беруді ұсынған. Алайда әкімдік, жер үй салу үшін жеке адамдарға сатылар болса, инфрақұрылым тартуға міндеттелетін болғандықтан бұл талапқа көнбепті.
"27 гектар жер "Қорғау" ЖШС-не тиесіді. Нысаналы мақсаты өндірістік базалар жасау. Біз мектеп салу үшін бұл жерді егжей-тегжейлі жоспарға енгіздік. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қою бойынша 3 мәрте хабарлама жібердік. Жауап келмеді. Қазір бұл мәселе бойынша жер инспекциясына хат жолдадық. Енді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті "бұл жерге мектеп салу бойынша жоспар бар, мұны мемлекет меншігіне қайтару керек" деген жер комитетіне талап хат жібереді. Одан кейін жер комитеті сотқа шағым түсіреді. Ал егер жер иесі мемлекет ұсынған бағаға келіспейтін болса сот өзінің шешімін шығарады", - дейді КазЦик ауылдық округі әкімі Бауыржан Жұмабаев.
Бүгінгі таңда Іле ауданында 3 ауысымдық режимде жұмыс істейтін 21 мектеп пен 4 163 бала бар. Жауаптылардың жасырмай айтқан жауабында ауданда "Жайлы мектеп" жобасын іске асыру шеңберінде 14 білім ордасы салынбақ. Тарқатып айтсақ, 2023 жылы 3300 орындық 4 нысан, 2024 жылы 11 100 оқушыға арнап 10 жайлы мектеп салынады екен. Сондай-ақ, хабарламада бұл жобаның аясында КазЦик ауылына 600 балаға арналған мектеп 2025 жылы берілетіні айтылған.
Жалпы жаңа құрылыста 300-ге тарта үй мен мектепке баратын 520 бала бар. Білім ордасына дейінгі қашықтық ауыл аумағынан 3 шақырым болмағандықтан, әкім арнайы автобус қарастырылмайтынын кесіп айтты. Сондықтан оқушылар кемі 2 жыл мектепке жаяу немесе қоғамдық көлікпен қыстырылысып баруға мәжбүр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!