- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақмола облысындағы жол
Сау-тамтығы жоқ: 60 жыл бұрын салынған жол жұрт наразылығын туғызды
Ақмола облысы Бірлік ауылының тұрғындары нашар жолдың салдарынан ауырса жедел жәрдем келмейтінін, такси мүлдем ұмыт болғанын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Бірлік ауылына апарар жол Қорғалжың тасжолынан бастап 7 шақырымға созылады. Телеарна мәліметінше, жүргізушілер оны 15 минутта жүріп өтудің орнына, 1 сағаттан аса уақытын құртады.
Салынғанына 60 жыл болған жол жөндеу көрмеген. Салдарынан Астана іргесіндегі ауылдың тұрмысы нашарлады. Жол ауыртпалығынан ұшан-теңіз проблема туындаған. Тіпті жедел жәрдем келмейді.
"Батпағы басына шығып жатыр. Мүлдем жүруге келмейді. Ауыл тұрғындарының 90 пайызы, тіпті одан артық, барлығы дерлік Астанада, Ақмолада жұмыс істейді", - деді ауыл тұрғыны Рашит Ашуов.
Жазда жергілікті тұрғындар төте жол салып, сонымен жүреді. Бірақ күз келе жаңбыр жауып, айнала лайға айналғанда, қатынас қиындай түседі. Қалың қар жауып, боран басталғанда, жол көрінбейді.
"Жаздыгүні бұл жолмен мүлдем жүрмейміз. Басқа жақпен кетеміз. Ойық-шұрық. Қыста, шыны керек, қарды қолмен ашамыз", - деді тағы бір тұрғын Айзада Боштаева.
Бірлік ауылына қарайтын Оразақ ауылдық округінің әкімдігі де, аудан әкімдігі де мәселеден құлағдар. Олардың айтуынша, жобаның құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткен, алғашқы қаржы да бөлініп, тиісті жұмыстар басталған. Жоба ауылдың ішкі көшелерін де қамтиды. Алайда кенет бюджеттен қаржы бөлінбей, жұмыс ортасына жетпей тоқтап қалыпты.
"Бұл жоба биылдыққа қаржыландырылмаған. Үміттеніп отырмыз. Келесі жылы қаржы бөлінген жағдайда ауылға баратын 5 шақырым жолды келесі жылы аяқтауға тырысамыз", - деді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Елдос Өмірсадық.
Тұрғындар дәл қазір жұмысты жалғастырып, жөндеу жұмыстарын аяқтау ауа райына байланысты мүмкін емес екенін біледі. Десе де "қыста қар борағанда жол дер кезінде тазаланса, сәл де болса жүрісіміз жеңілдер еді" дейді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында жолды күтіп ұстамаған 91 лауазымды тұлға жазаланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова