- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сау сәбиімді өлтірді"....
"Сау сәбиімді өлтірді". 6 айлық баласынан айырылған ата-ана дәрігерлерді кінәлап отыр
Алматы облысындағы ауруханада шетінеп кеткен 6 айлық баланың ата-анасы дәрігерлерді кінәлап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Олардың сөзінше, ақ халаттылардың салғырттығынан шақалақтың денсаулығы нашарлап, ақыры көз жұмған.
"Олар ұсынған дәріні алдым, жақсы көмектеседі деген еді. Баланың өліміне себеп болды. Нұсқаулықтағы "3 жастан жоғары" деген мәтінді кейін оқып қалдым. Аяғы ауыр әйел мен кішкентай бала ішсе, аллергия беретіні анықталды", - деді баланың анасы Бибігүл Байгелова.
Үйдің кенжетайынан айырылған отбасы бүгінде тым-тырыс. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана 6 айлық баласының өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Олардың айтуынша, еңбектеп, тәй-тәй басқан сәбидің Шамалғандағы ауруханада жағдайы нашарлай түскен. Үш күн ауруханада жатқан баланың денесін мәйітханадан алған.
"21 шілдеде түстік, 23 шілдеде баланы шетінетіп берді. Бар болғаны 3 күннің ішінде сондай жағдайға алып келді. Ешқандай қағазсыз "сойдырмаймын" деп едім, сол күні бір сағат ішінде денесін қолыма бере салды", - деді баланың әкесі Ербол Өстемір.
Қара жамылған ата-ананың айтуынша, баланың қызуы көтерілгенде ауруханаға бірден қабылдамаған. Аудан ауылға, ауыл ауданға сілтеген. Ауру асқынғанда ғана сәбиді бақылауға алып, ем-дом жасауға кіріскен көрінеді. Анасының айтуынша, дәрігерлер түрлі дәрі алдырған. Соның бірін тек 3 жастан кейін ғана қолдануға болады екен.
"Ауруханада толық көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, 23 шілдеде бала қайтыс болды. Қазір тексеріс жұмыстары жүріп жатыр. Қорытындысын аяқталған кезде айтамыз", - деді Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы директорының орынбасары Дәулет Қожақов.
Ұлынан айырылған әке өлімге себеп болғандар жазадан жалтарып кетпес үшін заңгерден кеңес алып, құзырлы органдарға да жүгініп отыр. Министрлікке де сауал жолдап қойған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова