Талдықорғанда үш жасар баланы өлтірген бала күтушіге қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жетісу облысы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, оқиға былтыр күзде Жетісу облысында болған еді. Үш жасар бала бір жасар інісімен бала күтушінің қарауында болған. Балалардың анасының сөзінше, 12 қыркүйекте бала күтуші хабарласып, баланың жағдайы нашарлап кеткенін айтқан.
Бала ауруханаға жеткізіліп, жан тапсырған. Дәрігерлер баланың денесінде сау жері болмағанын, бас жарақатын анықтаған.
Тергеу барысында бала бірнеше рет соққыға жығылғаны анықталған.
Облыс сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды, себебі істің мән-жайы жария етілмейді.
"Соттылықтың болмауы, шын жүректен өкіну, жәбірленушіні кешіру және кінәні ауырлататын мән-жайлардың болмауы секілді кінәні жеңілдететін жағдайларды ескере отырып сот сотталушыға орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - делінген сот үкімінде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!