- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сатып алған ұн,...
"Сатып алған ұн, күріштің ішінде бит-құрттар өріп жүрді": Сириядан оралған қандасымыз ондағы өмірі жайлы айтып берді
"Жусан" операциясымен елге оралған қандастарымызды барынша қоғамымызға иекемдеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Кейіпкеріміз Айсұлу Бағдат Сирияға барып "Жусан" бағдарламасымен елге оралған. Massaget.kz тілшісі жақында ол кісімен кездесіп, 40-тан асқан шағында бөтен елге не үшін барғанын, Сириядағы өмір, елге оралуы жайында біраз әңгімелескен еді.
Айсұлу апаймен алғашқы сұрағымыз да алдымен осы қадамға не үшін барғанын сұраудан басталды.
"Сіңлімнің қызының күйеуі намаз оқитын дінге бетбұрған адам еді. 2014 жылы көктемде киік аулаймын деп Сирия асып кеткенін білдік. Жиен сіңлім күйеуімен жиі хабарласып тұрды. Ол "Ана жақта бәрі жақсы" деп айтып жүрді. 2014 жылдың маусым айында біз ол жақта Халифат мемлекеті құрылып жатқаны туралы видеоны көрдік. Ал Құраннның аятында да Халифат қай жерде болса, мұсылман қауым сол жерде өмір сүру қажеттігі айтылған. Сондықтан анаммен, туыстарыммен қоштасып, жиен сіңліммен бірге Сирияға жол тарттық. Анам жылап шығарып салды. Басында шынымен бәрі жақсы болды. Бізге үй, ақша берді. Барған соң, үш күннен кейін жиен сіңлімнің жұбайы жарылыс салдарынан қайтыс болды. Түрлі қиындықтарды бастан кешірдік. Сириядағы антисанитария еске түссе, жылағым келеді. Сатып алған ұн-күріштің ішінде бит-құрттар өріп жүреді. Сириядағы өмір көрген түсім сияқты. Күн сайын бомбалап жатады. "Шығыңдар" дегенде қолымызға іліккен нәрсені алып, жүгіріп шығамыз. Қарнымыз ашып, жейтін тамақ таба алмай, шөп теріп күткен күндеріміз болды. Қызым хабарласып, "Ақша салайын, жағдайларың қиын ғой" дейді. Сирияға кеткендердің туыстары ватсаптан топ ашып, бір-бірімен хабарласып тұрған ғой. Сондағы туыстардан естіген болуы керек. Мен "Бізде бәрі жақсы" деп, оның ақша жібергенін қаламадым. Өйткені өз кінәмді өзім көтерейін, маңдайыма жазғанын көрейін деп тастай бекіндім. Ол жақта жүріп, жаралы жігітке тұрмысқа шықтым. Ресейлік қазақ. Мен кеткенде түрмеде еді. Қазір өлі-тірі екенін білмеймін. Жан-жағымыздан бомба жауып жатқанда аман қалуды ойладық. "Алладан күнәмізді кешіре көр, өлімімнің артын қайырлы қыла көр" деп тіледік. Татар дәм-тұзымыз таусылмай, аман қалғанымыз болмаса, біраз қиындықты көрдік қой", - дейді ол.
Осы жолға түсуіне де алдымен намаз оқуы ықпал еткен екен.
"Жалғыз қызым бой жетіп қалғанда тағдырдың жазуымен ұлым дүниеге келді. Ол кезде 40 жаста едім. Алайда сәбиім үш айлығында сал аурына шалдығып, жиі мазасызданатын болды. Жанұшырып ұлымды біраз жерге қараттым, бірақ дерттің дауасы табылмады. Сондай күндердің бірінде дін жолына түскен жиенім "Сізді Алла ұлыңызды ауыртып сынап жатыр. Сізге намаз оқу керек" деп кеңес айтты. Негізі өзім әуелден жан-дүниеммен намазға жақын едім. Содан Құран кітаптарын алып, жай ғана таң намазын оқи бастадым. Сөйтіп намазды тез жаттап алып, бірден бес уақыт намаз бастап кеттім. Біраз жерге апарып қаратқаныммен нәтиже болмай, 2013 жылы төрт жасар ұлым өмірден өтті. Намазға тұрып, дінді қабылдауым, Сирияға жол тартуым бәрі де жүрек қалауымен болды. Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Ол жақта қан көрдім, соғыс көрдім. Әр сағат, әр минут сайын өмір үшін күресуді үйрендім. Бұл да бір өмірдің сабағы болды", - дейді кейіпкеріміз.
Бес жылдай өзге елде адасқан қандасымыз "Жусан" бағдарламасы арқылы елге жеткеніне риза екенін де жасырмай айтып берді.
"Мен елге келгенде 91 жастағы анам қатты қуанды. Бірінші кезекте жаралылар, көпбалалы аналар елге келді. Бірінші Алланың, екінші елімнің қамқорлығының арқасында туған топырағымызға оралып, туыстарымызбен жүздестік. Аллаға шүкір. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері бізге жақсы қарады. Басқа елдер өз адамын елге қайтарған жоқ. Біздің ел ғана біз сияқты адасқан жандарға көмек қолын созды. Еліміздің бұл қамқорлығын ешқашан ұмытпаймыз. Қазір намазды Абу ханифа мазхабы бойынша оқимыз. Жастар адаспаса екен, алданбаса екен деп тілеймін. Қазақтың жас-жас жігіттері сол жаққа барып, өліп қалды. Олардың бәрі де алданып қалғандар. Тек біздің елден емес, жер жүзінен жиналды ғой адамдар. Қаншама қазақтың жап-жас қыздары күні үшін өзге ұлтқа күйеуге шықты. Осы жәйттердің бәрі өзгелерге сабақ болса екен. Сириядан келген соң Ақтауда бізбен теолог-психологтар жұмыс жасады. Қалаға келген соң да мамандар бізге оңалту жұмыстарын жүргізді. Тігіншілік курсын бітіріп, туыстарыма керегін тігіп беріп жүрдім. Қазір өз кәсібімді бастап, тауық өсіруді қолға алдым. "Бизнес-бастау" бағдарламасы бойынша білім алып, еңбек етудемін. Кәсібімнің нәсібін көру-арманым", - дейді кейіпкеріміз.
Айгерім Ғалым
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы