Қазақстандықтар өзімізде құрастырылған көлікті таңдайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысынан кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев отандық автомобиль өндірісінде қолданылатын CKD әдісі туралы айтты.
"Дәл қазір локализация деңгейі жоғары емес. Оны мойындау керек. Бұл олқылықты толтыру үшін Қазақстанда отандық автомобильдердің CKD әдісімен өндірісін ұлғайту көзделген. Яғни сол арқылы елімізде шығарылған автомобильдерде отандық компоненттердің үлесін арттыруға мүмкіндік бар. Қазір Қазақстандағы зауыттарда мультимедиалық жүйе, дөңгелектер, авто орындықтар шығарылып жатыр", - дейді министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда сатылған көліктердің 63%-ы Қазақстанда құрастырылған. Алдымен тұтастай автокөлік шығармас бұрын автомобильдерде отандық компоненттердің үлесін арттыру жұмысына басымдық беріледі.
"Адам - алдымен жүруді үйренбес бұрын қадам жасайды ғой. Сол сияқты бізде толықтай көлік өндірісін жолға қоярдың алдында, ұсақ авто бөлшектерді шығару және экспорттауға әбден машықтанып алғанымыз дұрыс. Машина жасау саласындағы өнім 4 трлн теңгені құрайды. Бұл жаман көрсеткіш емес", - дейді Қанат Шарлапаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!