Сатыбалдыұлынан 83 милиард теңгеге жуық ақша қайтарылған

Сатыбалдыұлынан 83 милиард теңгеге жуық ақша қайтарылған
Фото: depositphotos.com, gov.kz

Мемлекет басшысы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Антикор басшысы кездесу барысында Қайрат Сатыбалдыұлының ісіне қатысты да есеп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Былтыр жемқорлыққа қатысты 1692 қылмыс тіркеліп, 1324 адам әшкереленген. Оның 161-і түрлі деңгейдегі басшылар. 1221 іс сотқа жіберілген. Ал 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,02 триллион теңге (2,2 млрд АҚШ долларынан астам) көлемінде мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған.
     
Соның ішінде "ӨКМ" операторы" ЖШС-не қатысты аяқталған қылмыстық істер бойынша Қостанай және Қарағанды облыстарындағы жалпы құны шамамен 20 миллиард теңге болатын 2 зауыт мемлекет меншігіне өткен.

"Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында биыл ақпанда бюджетке тағы да шамамен 82,6 миллиард теңге (185 млн АҚШ доллары) түсті. Бұдан бөлек, Ақмола облысының Қосшы қаласындағы 942 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның нарықтағы құны 13 миллиард теңгеден асады", - деді Антикор басшысы.

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу барысында 41,3 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеген. Мамандандырылған ХҚКО-ларда автокөліктерді тіркеу кезіндегі қулық жасау жолдары анықталған; мемлекеттік баж салығы мен автомобильдерді тіркеуден түскен төлемдердің басым бөлігі ақпараттық жүйелердің жұмысындағы олқылықтарға байланысты бюджетке түспеген.
     
Агенттіктің ұсыныстары бойынша кемшіліктер жойылғаннан кейін 2023 жылы бюджетке түскен түсімдер (2022 жылмен салыстырғанда) 9 есе ұлғайып, 91,4 миллиард теңгеге жеткен. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Еске салайық, 2023 жылы желтоқсанда Қайрат Сатыбалдыұлы 55 миллиард теңгеден аса ақшаны мемлекетке қайтарған болатын. Антикор Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті қайтарып жатқанын хабарлаған болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова