Кейбір жерлерде жеке кәсіпкерлер тек қолма-қол ақша төлеуді талап етеді және қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартады. Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мұндай жағдайларға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, себебі "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері - банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған (25-бап).
"Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 157 280 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген", - деді департамент.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері анықталған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына хабарлауыңыз қажет. Сіз eOtinish арқылы міндетті растайтын құжаттар қосымшасы мен қолма-қол өтініш-шағым бере аласыз.
"Тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер де сатып алушыға фискалдық түбіртек беруге міндетті. Фискалдық түбіртекті беруден бас тартқан жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделеді", - делінген хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жапатова