Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медальді мергендер Ислам Сәтпаев пен Александра Ле алып келді. Бұл Париждегі Олимпиада ойындарында берілген алғашқы медаль болды. Спортшылардың бас бапкері Ольга Довгун жарыстардың алғашқы күні, алғашқы медальді алу керемет сезім екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бас бапкер Ольга Довгун нәтижеге қатты қуанғанын айтты.
"Мен осы жаттығу бойынша спортшыларымыз медаль алатынын сездім. Тіпті, алтын немесе күміс жүлде болады деген сенімім болғаны рас. Өйткені, екеуінің де нәтижесін, аяқ алысын көріп жүрмін. Екеуі де әлемдік деңгейде жүлдеге таласа алатын спортшылар.
Нысана көздеуден Азия чемпионатында, әлем кубогі кезеңдерінде дәл осы бағдарлама бойынша екеуі финалға шығып жүрген. Тек сәттілік жетіспей қалатын. Мысалы, Азия біріншілігінде қола медальға таласып, ұтылды. Міне, соның бәрі артта қалып, ең үлкен жарыс – Олимпиада ойындарында қола медаль алып отыр. Қуанышымда шек жоқ", - деді бапкер.
Ол алғашқы медальді алу керемет сезім екенін айтты.
"Нысана көздеуден Олимпиада ойындарында ең бірінші жүлде ойнатылады. Тек бағдарлама ауысты демесеңіз, үнемі Олимпиадада бірінші медальді мергендер сарапқа салады. Ең алғашқы жарыс күнінде Қазақстанға ең алғашқы медальді сыйлау – керемет сезім!" - дейді Ольга Довгун.
Еске салайық, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медальді мергендер Ислам Сәтпаев пен Александра Ле алып келді.
Пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында отандастарымыз Германия құрамасынан айласын асырды. Қарсыластарын 17:5 есебімен айқын жеңіп шықты.
Париждегі Олимпиадада ең алғашқы жүлдені Қазақстан иеленді
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз