• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебекке 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді

Сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебекке 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді
Фото: ©️ instagram.com/qaznews24

2025 жылғы 11 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық соты Qaznews24 сатиралық паблигінің 25 жастағы авторы Темірлан Еңсебекке қатысты үкім шығарды. Ол әлеуметтік желілерді пайдалана отырып ұлттық араздықты қоздырды деп айыпталды (Қылмыстық кодекстің 174-бабы, 1-бөлігі), - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сотталушы Instagram-паблик әкімшісі бола отырып, 34 мыңнан астам оқырманы бар парақшада, басқа ұлт өкілдерінің ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған, мәтіні бейәдеп сөздерден тұратын музыкалық композициямен сүйемелденген жазба жариялаған", – делінген үкім мәтінінде.

Сотта мұндай әрекеттер "Қазақстан Республикасы үшін негізгі қағидаттардың бірі – ұлтаралық келісім мен бірлікті бұзуға бағытталғаны" айтылды.

"Сотталушының кінәсі іс материалдары, оның ішінде сот-психологиялық және филологиялық сараптама қорытындысы, жауап алу хаттамалары және заттай дәлелдемелермен дәлелденді", – деді сот өкілдері.

Алайда, сот барысында Темірлан Еңсебек өз кінәсін мойындамады.

Сот отырысының қорытындысы бойынша, қылмыстық іс материалдары, сондай-ақ сот жарыссөзінде айтылған тараптардың ұстанымдары зерделеніп, сот сотталушыны кінәлі деп таныды.

Сот шешімін шығарған кезде сотталушының бұрын сотты болмағанын, бірақ жасаған заңсыз әрекетіне өкінбейтінін ескерді.

Осылайша, сот сотталушыны белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазамен бас бостандығынан айырумен байланысты емес 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда белгілі паблик авторы ұсталғаны, ол 7 жылға дейін сотталуы мүмкін екені хабарланды. Оған қатысты әлеуметтік желідегі жазба арқылы ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық іс тергеліп жатқаны айтылды.

Кейінірек Алматы полициясы QazNews24 атты сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебектің екі ай мерзімге қамауға алынуына қатысты пікір білдірді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Шәріпхан
Logotype Massaget