- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сәтбаевтағы аурухана қызметкерлерінің...
Сәтбаевтағы аурухана қызметкерлерінің жалақысы тиісті мөлшерде көтерілмеген болып шықты
Премьер-министр Әлихан Смайылов Ұлытау облысына барған сапарында Сәтбаевтағы Орталық ауруханасын күрделі жөндеу барысымен және жалпы өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің дамуымен танысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сәтбаевтағы Орталық аурухана қызметкерлерімен кездесу барысында медбикелердің бірі кіші қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін қозғады.
Премьер-министр 2020 жылдан 2023 жылға дейін дәрігерлер жалақысы жыл сайын 30%-ға, ал орта буын медицина мамандарының жалақысы 20%-ға ұлғайтылғанын еске салды. Сонымен қатар 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын денсаулық сақтау саласының қалған қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға арттыру туралы шешім қабылданды.
Алайда Ұлытау облысында кіші буын медицина қызметкерлерінің жалақысы тек 15%-ға көтерілгені анықталды.
"Бұл дұрыс емес, жыл сайын 20%-ға көтеру туралы шешім қабылданды, осылайша, төрт жыл ішінде жалақыны шамамен екі есе өсіру көзделген. Әкімдікпен бұл мәселені шешейік", - деді Үкімет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан