Сәтбаев қаласындағы қара күйе мәселесі қалай шешіліп жатыр - Облыс әкімі жауап берді

Үкімет отырысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы Сәтбаев қаласындағы экологиялық жағдайға байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әкімнің айтуынша, қазір жағдайды тұрақтандыруға қатысты тек қысқамерзімді шаралар қабылданды.

"Қысқа мерзім аралығындағы ең тиімді шешім - 10 қаңтардан бастап эмульгаторы бар төртінші қазандықты іске қостық. Енді төртінші қазандықтың жұмысына қатысты жылу маусымы аяқталған соң, қосымша қалған үш қазандыққа эмульгаторлар орнатылады. Қазір қосымша экологиялық жағдайды жақсарту үшін көмірді ауыстыру қарастырылып жатыр", - деді әкім. 

Сондай-ақ қалаға күлділігі төмен көмір жеткізілген. 

"Бұған дейін кесу үлгісі бойынша күлділігі 40 пайыз болған "Жастар" көмірі қолданылса, қазір оның күлділігі шамамен 15-20 пайызды құрайтын Қаражыра көмірі жеткізілді. Эмульгаторлар орнатылғаннан кейін, келесі жыл маусымында ТЭЦ-2 қуаттылығы Сәтбаев қаласына бағытталады. "Қазақмыс" корпорациясы тарапынан модульді қазандықтар орнатылады. "Газдандыру" бағдарламасы аясында Сәтбаев қаласына газ тартылады", - деді облыс әкімі Дастан Адайұлы.  

Айта кетейік, 10 қаңтар желіде Ұлытау облысындағы Сәтбаев қаласында көшелерді қара күйе басып қалғаны көрінетін видео тарады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!