- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сәтбаев атындағы университеттен...
Сәтбаев атындағы университеттен өрт шыққаны рас па?
Әлеуметтік желіде Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің ғимараты түтіндеп жатқаны туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісіне осы жайтқа қатысты университет әкімшілігі мен ТЖД өкілдері жауап берді.
Кадрлардан ғимаратта түтін шыққаны анық көрінеді. Алайда университеттің баспасөз қызметі өкілі өрт шықпағанын, ешкім зардап шекпегенін айтып, шын мәнінде не болғанын түсіндірді.
"Бүгін Бас оқу ғимаратынан түтін шықты. Ғимараттағы жылу желісінен ақау табылып, қабаттардың бірінде жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Жөндеушілердің бірі болгарка құралымен жұмыс істеп жатқан сәтте одан шыққан ұшқын шүберек затқа түсіп, ол біртіндеп түтіндеп, иісі шыға бастаған. Содан кейін шүберек өрт сөндіру ережесіне сай өшірілді. Ешқандай өрт болған жоқ, бірақ дабыл нүктесі қағылған соң, сол қабаттағы адамдар сыртқа эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ", - деп жауап берді университет әкімшілігі өкілі Massaget.kz-ке жауабында.
Ал Алматы қалалық Төтенше жағдай департаменті өкілі бұл оқиға бойынша 101-ге ақпарат түспегенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде "жер сілкінісінен кейін ҚазҰУ ғимаратына қатты зақым келгені" туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратқа қатысты Алматы әкімдігі өкілдері пікір білдіріп, жоққа шығарды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова