- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сасытып, ішек-қарнын тастап...
"Сасытып, ішек-қарнын тастап кеткен". Желіде киіктердің өлексесі қаптаған жантүршігерлік видеолар пайда болды
Желіде киіктердің өлексесі қаптаған жантүршігерлік видеолар пайда болды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өкілдері бұл дерекке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тортуыл Шоқан есімді Facebook-қолданушысы киіктердің өлексесі қаптаған жантүршігерлік видеоларды жүктеген болатын.
"Киіктердің обалы - атуға рұқсат бергендер мойнында! "Бір бригадаға бір түнде 100 киік ату норма деп белгіленген" дейді білетіндер! Киік мүйізін-ғана алып, етін сақтайтын орындарға жеткізе алмай - сасытып, ішек-қарнын тіптен алмай тастап кетіп жатқан көрінеді. Атылған аң терісімен жарты сағат жатса—еті жарамсыз болатынын экологтар білмей ме? Не масқара мынау?!
Осы киікті атамыз деп —заңсыз аңшылық бабымен қанша адам сотталды. Осы киіктерді қорғау жолында инспекторларда мерт болған-ды. Халайық! Көпшілік болып тоқтатайық мынандай сұмдықты", - дейді Желі қолданушысы.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өкілдері қазіргі уақытта ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі киік популяциясын басқару жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.
"Аталған жұмыс: желілік корал әдісімен аулау (күндізгі уақытта) және атып алу (түңгі уақытта) екі жолымен жүзеге асырылады. Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысындағы киік тушаларының фото және бейнематериалдарының таралуы бойынша қажетті шаралар қабылданды, "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК қызметкерлерімен бекітілген алгоритмге және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмысты ұйымдастыру бойынша түсіндіру жүргізілді. Сонымен қатар, алгоритмді бұзғаны үшін тиісті шаралар қабылданатынын хабарлаймыз.
Киік популяциясын басқарудың негізгі мақсаты – олардың ауыл шаруашылығына теріс әсерін азайту (ауыл шаруашылығы алқаптарының тапталуын), өңірлердің аграрларының егіс дақылдарының өнімін жоғалту қаупін және жабайы жануарлар арасында пайда болатын жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу болып табылады", - делінген ресми жауапта.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина