"Сасық иісі дем алуға мұрша бермейді". Алматыда қоқысты 1 ай бойы жинамаған компания қомақты айыппұл төледі

"Сасық иісі дем алуға мұрша бермейді". Алматыда қоқысты 1 ай бойы жинамаған компания қомақты айыппұл төледі
Фото: Оқырманнан

Наурызбай ауданының тұрғыны ықшамаудандағы қоқыстың шашылып жатқанына шағымданды. Қалалық әкімдік өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, Тастыбұлақ ықшамауданы, Аксайская көшесінде орналасқан қоқыс жәшігінің жағдайы осындай. Қоқыс алатын жүк көлігіне сыймайтын болғандықтан осылай тастап кете береді", - дейді редакцияға жүгінген оқырман.

Фото: Оқырманнан 

Құрылыс заттары да алынбай жатқанына 1 ай болған.

"Жалпы, осының алдында ЖШС "Витмар" қоқысты алып отыратын. Компания ауысқалы қоқыс мүлдем алынбайтын болды. Бұл қоқыс орнын алып тастап, бұрынғыдай аптаның бір күні әркімнің есік алдынан алатындай жасатуларыңызды сұраймыз. Қоқыс орны үйге өте жақын орналасқаны үшін сасық иісі дем алуға мұрша бермейді. Түрлі індет пен тышқандардың тарауына жол ашып жатыр", - дейді оқырман. 


Фото: Оқырманнан 

Қалалық әкімдік өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. 

"Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің аппараты" КММ аудан тұрғындарынан "Витмар" ЖШС қоқыс шығару ұйымына дұрыс жұмыс істемеуі туралы көптеген өтініш пен шағым келіп түскенін ескере отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды осы ұйымға уақытылы шығармағаны үшін 100 АЕК мөлшерінде әкімшілік хаттама жасалғанын хабарлайды. Сондай-ақ, Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы (Тапсырыс беруші) "Витмар" ЖШС-мен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызметтер көрсету туралы шартты бұзғанын хабарлаймыз", - дейді әкімдік өкілдері Massaget.kz тілшісіне берген жауабында.


Фото: Алматы қаласының әкімдігінен 

Әкімдік мәліметінше, бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды "Қосағаш" ЖК қоқыс шығарушы ұйымы жүзеге асырады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина