ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Армения мен Қырғызстанның мемлекеттік нөмірімен жүрген көліктерді уақытша тіркеу тәртібіне қатысты пікір білдірді. Мұны Tengrinews.kz хабарлайды.
Қазақстанның ішкі істер министрлігі шетелдік нөмірмен жүрген көліктер үшін 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік және утилизациялық алымды төлемеуге рұқсат берген. Бірақ мұндай көлікті тіркеуге қою қажет. Уақытша тіркеу 1 ақпанда басталған болатын. Сонымен қатар ведомство өкілдері мұндай көлігі бар жүргізушілеріне "18" деген сары түсті мемлекеттік нөмір тағылып, уақытша құжат берілетінін айтқан болатын.
"Сары түсті нөмір көліктің толық тіркеуден өтпегенін көрсетеді. Мысалы, сіздің досыңыздың шетелдік нөмір таққан көлігі бар. Сіз оны сатып алғыңыз келді дейік. Ол сізге "Біз бір-бірімізді жақсы танимыз. Сізді сақтандыру полисіне тіркейін, тек 5 миллион теңге берсең жеткілікті, көлікті ала бер" дейді. Ол сізге темір тұлпардың кілтін, техникалық паспортты береді. Сіз оған 5 миллион теңгені беріп, көлікті сатып аласыз. Осылайша, қалада емін-еркін жүре бересіз. Кейін көліктің кедендік баж салығын төленбегенін білесіз. Алайда көлік үшін ақшаны төлеп қойдыңыз", - дейді әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.
Осы орайда ол қазақстандықтар мұндай қадамға бармауы үшін мемлекет арнайы шараны қолға алғанын жеткізді.
"Енді адамдар мұндай нөмірі бар көлікті көрген кезде оның тіркеуден толық өтпегенін түсінеді. Сондықтан мұндай көлікті сатып алмай тұрып жақсылап ойланады", - дейді комитет төрағасының орынбасары.