- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сары нөмірді қалай...
Сары нөмірді қалай аламыз: Қазақстанда шетелдік көліктерді тіркеудің тәртібі бекітілді
Армян, қырғыз, ресей көліктерін айдап жүрген азаматтар 2020 жылдың 1 наурызына дейін көлік құралдарын тіркеуге қойып, "18-ші аймақ" деген сары нөмір алуы тиіс.
Бүгін үкімет басшысы Асқар Мамин Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелудің және Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануының кейбір мәселелері туралы қаулыға қол қойды. Қаулыда жазылғандай, шетелдік көлікпен жүрген қазақстандықтарды көліктерін осы жылдың наурыз айына дейін тіркеуге қойып үлгеруі тиіс.
27 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі елде жүрген жүрген шетел көліктерін уақытша тіркеуге қойып, 18-ші аймақ көрсетілген сары нөмір беретінін мәлімдеген болатын.
Бірден айта кеткен жөн, рөлі оң жағындағы көліктерді тіркеуге қоюға тыйым салынып отыр. Бірақ рөлі оң жағынан сол жағына ауыстырылған әрі ауыстырылғаны жайлы техникалық төлқұжаты (техпаспорт) бар көліктерге тіркеуге тұруға рұқсат.
Елдің Ішкі істер министрлігіне қарасты Әкімшілік полиция комитеті хабарлағандай, шетелдік көліктерді уақытша тіркеуге қою үшін жүргізушінің төлқұжаты, көлік құралының тіркелгені жайлы куәлік (СРТС, СТС), көліктің техникалық жағдайы жайлы төлқұжат (техпаспорт) керек. Одан бөлек, азамат көлікті уақытша тіркеуге қою үшін және сары нөмірді не мемлекеттік автокөлік нөмірін алу үшін төлем төлеуі тиіс. Техникалық төлқұжат алу үшін 3 314 теңге, мемлекеттік нөмір алу үшін 7 423 теңге, алғашқы мемлекеттік тіркеуге қою үшін бір жылға - 663 теңге, екі жылдан үш жылға дейін - 132 мың 550 теңге, үш жыл мен одан ары қарайға 1 млн 325 мың 500 теңге төлеуі керек. Оған қоса, утилизациялық төлемге де ақша төлеуі тиіс. Оны бірақ келесі жылға дейін төлесе болады.
Жүргізуші көлігін уақытша тіркеуге қойған жағдайда оған сары нөмір мен 2021 жылдың наурызына дейін рұқсат берілген техникалық төлқұжат беріледі. Ал көлікті бір жылдан кейін тұрақты тіркеуге қойғысы келгендерге бұрын төлеген ақшасын (алғашқы мемлекеттік тіркеуге төлеген) қайта төлеп қажет емес.
Ал көлігін тіркеуге қоя алмаған не қойғысы келмеген азаматтарға көлікті Қазақстаннан шығаруына тура келеді.
Ресей нөмірін таққан көліктерге біршама жеңілдіктер бар. Яғни, Ресей азаматынан сенімхат арқылы көлік алған қазақстандықтар сол сенімхатпен жүре береді. Тек жылына бір рет шетелге (Ресей, Қырғызстан, Беларусь - бәрібір) шығып, 30 күн сонда жүруі тиіс әрі Ресейден көліктің техникалық жағдайы жайлы құжат рәсімдеуі керек. Ең бастысы, көлікті Ресейдегі тіркеуден алып тастамауы қажет. Олай болған жағдайда, көліктен айырылуға тура келеді.
Қ. Слямбек