Дәрігер Айжан Қалдыбекқызы бауырдың жұқпалы ауруларының бірі - сары ауру жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігер бұл жайлы өзінің инстаграм-парақшасында жазды.
"Бауыр - ең пайдалы, ең қажетті заттарды ғана ағзаға сіңіріп, керек емес, зиянды дүниені шығарып тастап отыратын өте маңызды орган. Бауыр ағзаға пайдалы нәрселерді сүзіп беріп қана қоймай, өзін-өзі тазалай алатын да қасиетке ие. Бірақ бауырға шамадан тыс жүк артсаңыз, ол бұзылады. Сау әрі сұлу болам десеңіз, осы бастан бауырды баптау керек", - дейді дәрігер.
Дәрігер бауыр аурулары бастапқы кезде белгі бермейтінін айтты.
"Бауырдың жұқпалы және қауіпті сырқаттарының бірі - гепатит, сары ауру. Бір жаманы, бауыр әбден бүлінгенше сыр бермейді. Сондықтан да бауыр аурулары бастапқыда еш белгісіз өтеді және басқа аурулардың белгілеріне ұқсайды. Сол үшін диагнозды дер кезінде қою қиын. Гепатит асқынып кетсе, бауыр циррозы, бауыр ісігі, фиброз сияқты қауіпті дерттерге айналуы әбден мүмкін", - деп жазды Айжан Қалдыбекқызы.
Айжан Қалдыбекқызы бұл ауруды қоздыратын А және В вирустары екенін айтты.
"Бұл ауруды қоздыратын А және В вирустары алдымен қан құрамына түсіп, одан бауырға жиналады. Ол бауырда өсіп оның жасушаларын бүлдіреді. Зақымдаудың әсерінен бауыр жасушалары өзінің қалыпты қызметін бұзады да, біртіндеп өле бастайды. Осының әсерінен бауыр ісініп, үлкейеді және ауырады.
Бүлінген бауырдан бөлінген өт қанға барып араласады. Қан арқылы бүйрекке жетіп кіші дәретпен араласады, сөйтіп көздің терісі, ауыздың сілекей қабығы сарғаяды. Сары ауру деген атау осыдан шыққан.
Ауру бауырдан бөлінетін өт ішекке жеткіліксіз түсетіндіктен, үлкен дәреттің түсі ақшыл болады. Бүлінген бауыр сүзе алмайтыны анық. Сондықтан одан шыққан улы заттар ағзаға таралады", - дейді маман.
Бауыр не үшін бұлай бұзалады?
"Ағзаға әртүрлі жолмен улы заттардың түсуінен, дұрыс тамақтанбау, ішімдік, есірткі, кейбір дәрі-дәрмектер әсер етуі мүмкін. Ауыз, жыныстық қатынас арқылы да жұғуы мүмкін. Тіпті, маникюр жасаған кезде жұқтырып алуы мүмкін. Бауыр органының жұмысын реттеудің ең оңай жолы - дұрыс тамақтану және дұрыс ем", - деп қорытындылады ол.
Оқи отырыңыз: Кетчуп пен майонезді араластырып жеуге бола ма? Дәрігер жауап берді