Шымкент қаласында өткен "GREAT QAZAQ GAMES" республикалық этнофестивалінда Абай облысы "Ең үздік киіз үй" номинациясын жеңіп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Еліміздің барлық өңірімен қатар Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің өкілдері қатысқан мәдени шарада Абай облысының киіз үйі 170 киіз үйдің ішінен үздік деп танылған.
"Байқау шарты бойынша әр өңір өзінің ерекшелігін, тарихын, салт-дәстүрін көрсетті. Қазақ театры тарихындағы тұңғыш қойылым 1917 жылы Семей өңіріндегі Ойқұдық жайлауында Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен сахналанғаны белгілі. Біз сондағы "Еңлік-Кебек" спектаклінен үзінді ұсындық. Ұлы Абайдың 1922 жылы Ташкентте шыққан жинағының түпнұсқасы көрмеге қойылды. Саржалдың әйгілі қымызы,найман бауырсақ пен ши бауырсақ қонақтарды тәнті етті. Абай ауданындағы мектеп оқушыларының һәкімнің қара сөздерін үш тілде жатқа айтуы жұртты таңқалдырды. Ақынның рөлін сомдаған Абай ауданының әртісі Төлеухан Космонавтқа халық риза болды" дейді Абай облысының делегациясын Шымкентке бастап барған өңірлік Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Хасенқызы.
Киіз үйлердің жабдықталуы мен жасақталуына, ондағы ұлттық тағамдарға, сахналық қойылымдарға мәдениет қайраткерлерінен құралған комиссия баға беріпті.
"Әр өңір комисссия мүшелеріне өз аймағының ерекшелігін, тарихын, туристік әлеуетін, экономикалық дамуын, салт-дәстүрін әртүрлі форматта таныстырды. Таңдау өте қиын болды. Барлығы бірінен бірі өтеді. Олардың Шымкентке деген ыстық ықыласын жайған дастарханы мен дайындығынан білуге болады" дейді мәдениет қайраткері, композитор Құралай Сәтмұқанбетова.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!