Үкімет қаулысымен сарбаздардың банктегі қарыздары бойынша төлемді кейінге қалдыру кепілдіктері бекітілмек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қорғаныс министрлігі Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Құжат биыл 19 маусымда Президент қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңын іске асыру үшін қабылданады.
"Бұл мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға банктегі қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемді кейінге қалдыру бойынша кепілдік беруге бағытталған. Нормативтік құқықтық актінің негізінде мерзімді әскери қызметшілерге әскери борышын өтеп жүрген кезінде және ол аяқталғаннан кейін 60 күн ішінде банктегі қарыздары мен микрокредиттері бойынша кредиттік демалыстар беріледі. Сонымен қатар, осы санаттағы азаматтардан кейінге қалдыру туралы өтініш талап етілмейді. Кейінге қалдыру процедурасы автоматты түрде іске асады", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін сарбаздарға кредитін төлемеуге 2 ай уақыт берілетіні хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!