- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- тіс емдету
Сараптама: Қазақстанда тіс салдыру қанша тұрады?
Денсаулығына мән беретін адамдардың өзекті мәселелерінің бірі - тіс саулығы. Қазақстанда тіс салдыруға қанша ақша кетеді? Стоматологиялық қызметтер неліктен қымбат тұрады? Елімізде кімдер тісін тегін емдете алады? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Имплант тіс салдыру мәселесі туындамас үшін тісті жұлып тастайтын жағдайға жеткізбеу маңызды. Егер тісіңіз ауырып, дәрігерге барсаңыз және ол тісті жұлу керегін айтса, не істеу керек? Стоматологтардың сараптамалық қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, медицина ғылымдарының кандидаты және 36 жылдық тәжірибесі бар стоматолог Мейрам Раганин осы және басқа да маңызды сұрақтарға жауап берді.
Стоматолог тісті жұлу керегін айтса, не істеу керек?
Стоматолог Мейрам Раганин дәрігер қандай жағдайда тісті жұлу керегін айтатынын түсіндірді.
"Стоматологияда кез келген медициналық саладағы секілді тісті сәтті емдеу мүмкіндігі өте аз диагноздар бар. Мысалы, тісжегі болған кезде ешкім тісті жұлмайды, периодонтитте де тісті емдеуге тырысып, тағы біраз уақыт тұруға мүмкіндік беруге болады. Ал периостит кезінде тісті міндетті түрде жұлып тастау керек. Созылмалы периодонтит кезінде әдетте тісті емдеуге және оны сақтап қалуға мүмкіндік өте аз, бұл жерде науқастың қалауына және қымбат емді төлеуге дайын болуына байланысты. Алайда дәрігер ол тіс емдегеннен кейін қанша уақыт тұратынын нақты айта алмайды", - дейді маман.
Дәрігер жыл сайын стоматолог маманға қаралып тұруға кеңес берді.
"Стоматолог тісті жұлуға кеңес берсе, ол бұл созылмалы жұқпаның ошағы ағзада екенін және ол тісті емдесе де, оны толықтай жоя алмайтынын түсінеді. Өйткені инфекцияның ағзаға тіс каналдары арқылы ағза тініне түскеніне дәрігер кінәлі емес. Сондықтан егер дәрігер тісті жұлуға кеңес берсе, бұл жағдайда бұл ең сәтті ем болғаны.
Егер адам тістерін сақтап қалғысы келсе, ең алдымен ауыз қуысы гигиенасын сақтау керек және жыл сайын стоматолог дәрігерге қаралып тұру керек. Тістің ауырғанын және оның бұзыла бастағанын күтпеңіз", - деп кеңес берді медицина ғылымдарының кандидаты.
Қазақстандықтар тіс салдыруға қанша ақша жұмсап жүр?
Бұл сұраққа жауап алу үшін имплант тіс салдырған бірнеше кейіпкермен сөйлестік.
Ақерке 37 жас (Алматы қаласы): Мен былтыр 4 имплант тіс салдырдым. Жаздың басында бастап, қысқа таман аяқтадық. Әр тіске 200 мың теңгеден сұрады, сонда 4 тіс 800 мың теңгеге шықты. Бірінші импланттың өзін салып, содан кейін алты ай күтеді. Себебі ол қызыл етке орнығу керек. Ешқандай теріс әсер бермей ме, жаға ма, жоқ па, бақылайды. Содан соң үстіне коронкасын, яғни тісті салып береді.
Маржан, 53 жас (Алматы қаласы): Мен 2019 жылы тіс салдырттым. 6 имплант тіс қондыруға 1 500 000 теңге кетті. Қазір баға одан да қымбат шығар.
Нұрсұлу, 30 жас (Ақтөбе қаласы): Мен биыл 2 имплант тіс салдырттым. Бір тіс шамамен 250 мың теңге, алайда басқа тістерімді емдеу керек болды, ал кейбір тіске коронка салу қажет болды. Осылайша, барлығы 700 мың теңге кетті. Мен декреттегі анамын, қолымда бірден төлейтін ондай сома жоқ. Сондықтан несие рәсімдеп, жасаттым.
Алматы қаласында имплант тіс салу 90 000 теңгеден басталып, 400 000 теңгеге дейін барады.
Имплант салдырар алдында басқа тістер сау болуы керек, тісжегі болмауы керек. Тіс еті қабынған болса, алдымен соны емдейді. Содан кейін ғана имплант салуға кіріседі. Яғни тек имплант құнынан бөлек, басқа тістерді емдетуге және стоматолог қызметіне төлеуіңіз қажет.
Мейрам Раганин имплант тістердің бағасы оның шыққан жылына және дайындалу технологиясына байланысты әртүрлі болатынын айтты.
"Имплант тістердің бағасы әртүрлі. Арзан, орташа және премиум кластағы қымбат түрлері бар. Бұл импланттардың шыққан уақытына және дайындалу технологиясына байланысты. Соңғы шыққан импланттар және оларға арналған материалдар қымбат келеді. Дайындалу технологиясының сапасы қаншалықты жоғары болса, импланттың түсіп қалу қаупі соншалықты төмен болады.
Материалдар бағасына имплантолог-стоматолог дәрігердің бағасы қосылады. Бұл салада енді жұмыс істеп бастағандар азырақ баға сұрауы мүмкін. Ал еңбек өтілі жоғары мамандардың жұмысы мен білімі қымбатырақ тұрады.
Алайда имплант тістің ауыз қуысында тұру уақыты - орташа есеппен 10 жыл. Бұл уақыт ауыз қуысы гигиенасына және жалпы науқастың денсаулығына байланысты өзгеруі мүмкін", - дейді стоматолог.
depositphotos.com
Неліктен стоматологиялық қызметтер қымбат тұрады?
Стоматологтардың сараптамалық қауымдастығының президенті Мейрам Раганин стоматологиялық қызметтердің бағасына мыналар кіретінін айтты:
- Материал бағасы. Кез келген жақсы медициналық материалдар мен дәрілер нарықта қымбат тұрады. Стоматолог өз жұмысы үшін әрқашан ең жақсысын алуға тырысады. Себебі ол өз емі үшін гарантия бергісі келеді;
- Стоматолог дәрігердің білімі мен дағдыларының өз бағасы бар және ол арзан тұрмайды. Стоматологиялық университеттердегі студенттердің оқуының бағасынан бастасақ болады. Оған интернатура, магистратура қосылады. Жаңа әдістерді үйрену, қосымша семинарлар мен конференцияларға қатысу қажет. Олар да арзан тұрмайды. Алайда олар біліміңді арттыру үшін қажет;
- Коммуналды қызметтер, ғимаратты жалға алу, орта және кіші медицина қызметкерлері, бухгалтер, заңгер, басшыға жалақы. Клиника үлкен болған сайын әкімшілік қызметтер мен жарнамаға шығындар да көп болады;
- Санитарлық-гигиеналық нормалардың талаптарын сақтау үлкен шығынды қажет етеді. Бұл өте маңызды шығындар;
- Жаңа құрылғылар, жаңа құралдар, жаңа материалдар сатып алу. Олар нарықта жыл сайын қымбаттап жатыр.
Қазақстанда тіс салу (имплант) қызметін тегін немесе жеңілдікпен ала алатындар бар ма?
Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті балалар мен ересектер тісінің имплантациясы, протездеу ақылы түрде ғана жасалатынын айтты.
Қазақстанда кімдер тісін тегін емдете алады?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті кімдер жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек ала алатынын атады.
Елімізде жоспарлы стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер ала алады.
Мына санаттағы адамдар медициналық көрсетілімдері бойынша шұғыл және жоспарлы көмек алады:
- 18 жасқа дейінгі балалар;
- Жүкті әйелдер;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- 1, 2, 3-топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;
- Атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- Жасы бойынша зейнеткерлер;
- Инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурулармен және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар;
- Мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар;
- Бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар.
Шұғыл стоматологиялық көмек амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек түрінде және стационарлық деңгейлерде көрсетілуі мүмкін.
Шұғыл стоматологиялық көмекке не кіреді?
- Асқынған тіс жегісін емдеу;
- Пульпитті емдеу;
- Периодонтитті емдеу;
- Альвеолитті емдеу;
- Невралгияны емдеу;
- Невритті емдеу;
- Стоматиттің жіті түрлерін емдеу;
- Ауыр тісті жұлу;
- Абсцесті ашу;
- Одонтогенді кистаны жұлу;
- Шығып кеткен жоғарғы төменгі жақ буынын орнына келтіру;
- Қатерсіз ісіктерді және эпулисті (жергілікті тітіркендіруші факторлардың салдарынан туындайтын ісік тәріздес өсінділерді) жұлу.
depositphotos.com
Қазақстанда стоматологиялық қызметтердің бағасы бақылана ма?
Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің мәліметінше, мемлекеттік медициналық ұйымдар медициналық көрсетілген қызметтерге арналған баға прейскурантын "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы № 413-IV Заңына және Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы №375-V Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әзірлейді. Ал мемлекеттік емес медициналық ұйымдар баға прейскурантын жарғылық қызметіне сәйкес әзірлейді.
Стоматологиялық көмекті мемлекеттік емханалардан да, ӘлМСҚ-пен шарт жасасқан жекеменшік стоматологиялық клиникалардан да алуға болады, өзекті тізбесін қордың ресми сайтынан табуға болады.
Жақсы стоматологты немесе клиниканы қалай таңдаймыз?
Мейрам Раганин клиниканы емес, өз дәрігеріңізді табуға кеңес берді.
"Әрқашан өз дәрігеріңізді іздеу керек. Клиникаларды таңдаудың қажеті жоқ, ол жақта дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жиі ауысып тұрады. Кейде ұзақ уақытты алатын емді бір дәрігер бастап, екіншісі аяқтайды. Бұл дұрыс емес. Дәрігер үлкен, орташа, кішкентай клиникада немесе өз кабинетінде жұмыс істеуі мүмкін. Науқастар әркез жақсы дәрігердің артынан жүреді. Мұндай дәрігерді жарнама арқылы таппайсыз. Әдетте, олар жарнамамен айналыспайды: оларға адамдар бір-бірінен естіп келеді.
100% емді уәде ететін жарнамалық роликтерге сенудің қажеті жоқ. Оның барлығы маркетингтік әдістер. Ең сәтті ем 85%-дан 95%-ға дейінгі мүмкіндікті құрайды. Өкінішке қарай, стоматологтар нарық шарттары бойынша жұмыс істейді, ал кейбір стоматологтар бизнес әдістерін қолдануға мәжбүр. Бірақ менің ойымша, бұл дұрыс емес тәсіл", - деді стоматолог.
Стоматологиялық қызметке көңіліңіз толмаса, қайда шағымдана аласыз?
Стоматологиялық процедураларды орындамас бұрын маман алдымен препараттарға аллергиялық реакцияның бар/жоғын көрсететін анализ нәтижесін сұрауы қажет. Препаратқа аллергия бар болып шықса, ол тіпті науқастың өліміне әкелуі мүмкін. Кейде адамдар сапасыз қызметке тап болып жатады. Мұндай кезде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне шағымдана аласыз.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда сапасыз қызмет көрсеткен тіс емханасының ісі сотта қаралды.
Ем жүргізілгеннен кейін тісінің ауырғаны басылмай, науқас тіс емханасының дәрігеріне қайтадан барған. Дәрігер тісті қарамай, оны тісі іскен жағдайда қайта келетінін айтып, кері қайтарып жіберген. Кейін науқас беттің іріңдеуі салдарынан ота жасатып, ұзақ уақыт ем алған.
Оқи отырыңыз: Бір күнде 23 тісін жұлдырып, 12 имплант салғызған ер адам қайтыс болып кетті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жапатова