Қасым-Жомарт Тоқаев лауазымды қызметтерге жас кадрлардың келуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты.
– Кадр мәселесін одан әрі жалғастырсақ. Реформалардың нәтижесінде көптеген дарынды жас мемлекеттік қызметте өздерінің қарым-қабілетін көрсетуге мүмкіндік алды. Қазір олар Парламентте, мәслихаттарда, министрліктерде және басқа да мекемелерде жұмыс істеп жүр. Сіз жаңа буын өкілдерін ұдайы қолдап келесіз. Алайда жас басшыларға тәжірибе мен пайым-парасат жетіспейді деген пікір айтылады. Сіз қалай ойлайсыз?
– Мен қазақ елінің жастарына сенемін. Сондықтан олардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданды. Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады.
Саяси реформалар аясында партиялардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Соның нәтижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды. Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастады. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңартуға тың серпін берді.
Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады. Сондықтан оларға парасат-пайым жетіспейді деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ билік құрылымдарына аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керек. Бұл жерде эксперимент жасаудың қажеті жоқ. Кейбір сарапшысымақтар «Президент Тоқаев жүйені тұралатып тастады, ешқандай өзгеріс болған жоқ, ескі кадрлар орнында қалды» деген сыңаржақ пікірін тықпалаудан танбай жүр. Мұның астарында қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттілігіміздің іргесін шайқайтын пасық ниет жатыр. Асығыстықтың салдары ауыр болуы мүмкін.
Жас басшыларға көбіне тәжірибе жетіспейді. Менмендігі және өзіне деген сыни көзқарастың әлсіздігі кейде олардың өз қарым-қабілетін жоғары деңгейде көрсетуіне кедергі келтіреді. Соған қарамастан, біз жаңа буыннан шыққан кәсіби мамандарға мүмкіндік беріп келеміз. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!