Қазақстанның ұлттық валютасы бірнеше сыртқы және ішкі факторлардың ықпалында тұр. Сарапшылар алдағы жылы доллар құны 507,1 теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл ақпаратты Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясы ұсынды. Ассоциацианың қаржы саласындағы сарапшылардан алған сауалнамасына сәйкес Ұлттық валютаның құлдырауына мұнай бағасының құбылуы, базалық мөлшерлеменің төмендеуі, импорттың өсуі және сыртқы қарызды өтеу қажеттілігі әсер етуі мүмкін.
"Қазақстанның ұлттық валютасына әсер ететін факторлар мен алдағы жылға жасалған болжамдар талқыланып жатыр. Ұлттық валютаға қысым көрсететін бірнеше маңызды фактор бар. Атап айтқанда, нақты мөлшерлеменің төмендеуі, мұнай бағасының құбылуы және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға байланысты импорттың үздіксіз өсуі. Алдағы 2025 жылы Қаржы министрлігінің еурооблигациялары бойынша 2,5 миллиард доллар сомасында қарызды өтеу мерзімі келеді. Бұл да ұлттық валюта бағамына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ассоциацияның есебіне сәйкес, осы факторлардың әсерінен бір жылдан кейін USD/KZT жұбы 507,1 ₸/$ деңгейіне жетуі мүмкін, бұл ағымдағы деңгейден 3,1% жоғары", - делінген Қазақстан қаржыгерлер ассоциация ұсынған құжатта.
Дегенмен қысқамерзімді перспективада ұлттық валюта 487,1 теңгеге нығаюы да мүмкін екен.
Бұған дейін Трамптың жеңісіне байланысты доллар бағамының рекордтық деңгейде өскенін жазған едік.