- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сарапшы кооператив жолмен...
Сарапшы кооператив жолмен ипотекаға баспана алу қаншалық тиімді екенін айтты
Соңғы кездері әлеуметтік желіде кооператив жолмен ипотекаға баспана алуға көмектесетін адамдардың жарнамасы көп кездеседі. Желі парақшаларындағы оң пікірлерге сеніп, сан соғып қалған адамдар да жоқ емес. Осыған байланысты жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Қайрат Қожанов Massaget.kz тілшісіне мұндай жолмен үйлі болу қаншалық дұрыс әрі тиімді екенін айтты.
Кооператив - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін адамдардың үлеспұлдық негізде ерікті бірігуі жолымен құрылған кәсіпорын, ұйым. Қызметінің сипатына қарай кооператив кәсіпшілік, өткізу, жабдықтау, несие, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-құрылыс болып ажыратылады.
Тұрғын үй-құрылыс кооперативіне азаматтар жаңа үй салу үшін, жаңа немесе күрделі жөндеуден өткізілген үйлерді не күрделі жөндеуден өткізілуге, жаңғыртылуға тиіс үйлерді сатып алу үшін, өз қаражатына жөндеп, кейіннен пайдалануға беру үшін бірігеді.
Сарапшы ең алдымен кооперативпен айналысатын адамдар халықты өзіне қалай тартатынын түсіндірді.
"Елімізде пайызсыз ешнәрсе жоқ. Бізде адамдарды өзіне тартатын кооперативтердің артықшылығы бар. Мұны естіген адамдар бірден жүгіреді. Бірақ мұның ауыр салдары бар екенін ұмытпаған жөн", - деді ол.
Кооперативтің артықшылықтары:
- Пайызсыз төлем;
- Несие тарихына қарамайды;
- Заңды жалақы мөлшеріне қарамайды.
Енді Қайрат Қожанов кооператив жолмен ипотекаға баспана алудың кемшіліктерін тізді.
Біріншіден, олар кішкентай компания.
Екіншіден, банк жоқ жерде, мемлекет сізге кепілдік бермейді.
Мекемеге барып жинаған қаржыңызды алғашқы жарна ретінде құясыз, бірақ баспананы бірден алмай кезек күтесіз. Кезек бірнеше айдан, жылға дейін созылуы мүмкін. Өйткені сіздің алатын үйіңіздің қаражатының толық мөлшерін шығару үшін артыңыздан басқа адамдар кіріп, ақша салуы керек.
"Мәселен, 20 миллион теңгенің баспанасының алғашқы жарнасы ретінде сіз 4 миллион теңге құйдыңыз, тура осы ретпен сіздің артыңыздан келетін адамдар да ақша салып, сіздің қалған 16 миллион теңгеңізді толтырады. Кейін ол кісілер де дәл солай артынан адам тарта беруі керек. Бұл тәуекелге бару, өйткені мұны ешкім бақылай алмайды. Тіпті үйді кооператив арқылы алып, бірақ ол үй кепілге компанияда тұратын жағдайдар да кездеседі. Егер ол компанияға кейін шағым көбейіп, үстінен сот процесі жүретін болса, пәтерден айрылып қалу ықтималдылығы өте жоғары болады", - дейді ол.
Сондықтан сарапшы ипотекаға пәтер алатын болсаңыз тек банк араласқан үйлерді алған жөн екенін ескертіп, кеңес берді. Себебі банкке мемлекет кепілдік береді. Егер банк банкрот болса, мемлекет банктің депозитінде сақталған барлық ақшаны қайтарып береді. Ал кооперативте ешқандай кепілдік болмайды.
Айта кетейік, бұған дейін қандай жағдайда ипотекаға баспана алуға рұқсат берілмеуі мүмкін екені хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: 400Н архимед күші әсер ететін дене суға толық батырылған. Осы дененің көлемі қандай?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә