- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сарапшы 9-20-25 бағдарламасының...
Сарапшы 9-20-25 бағдарламасының қосылуы тұрғын үй нарығына қалай әсер ететінін айтты
Санаулы күндерден кейін, яғни 1 наурызда "9-20-25" ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Бағдарламаның басталуы тұрғын үй нарығында белгілі бір өзгерістер енгізуі мүмкін. 2024 жылы жалпы нарықтан не күтіледі? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Қайрат Қожанов жауап берді.
Маманның айтуынша, биыл тұрғын үй нарығының қай бағытта жүретініне бірнеше фактор әсер етеді.
"2024 жылы нарық былай өзгереді деп нақты, кесіп айта алмаймыз, өйткені бұл жиынтыққа байланысты. Негізі тұрғын үйдің бағасына әсер ететін бір емес, бірнеше фактор бар. Оған әлемдік экономика, инфляция, долларға деген сұраныс, теңгенің құлдырауы, жаңа ипотекалық бағдарламаның пайда болуы, елімізде қандай да бір заңның шығып, талаптың қойылуы жатады. Мысалы, бүгінде Алматыда жер сілкінісінен кейін басқаша талап қойылып, техникалық сипаттамасы жіті тексеріліп жатыр. Осыған байланысты кейбір құрылыс компаниялары нарықтан шеттетілсе, басқасы талаптың күшейтілуіне байланысты тұрғын үй бағасын көтеруі ықтимал. Егер салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, менің ойымша, биыл тұрғын үйдің бағасы кем дегенде 10 пайызға өседі. Мен бұл болжамыма негіз ретінде республика бойынша халық санының өсуін келтіргім келеді. Сондықтан әрбір отбасыға үй керек, мысалы жылына қаншама адам дүниеге келеді, үйленеді, оның бәріне баспана керек", - деді ол.
Фото: depositphotos.com
"Адамдар қазір жеке үйде тұрғысы келмейді"
Сарапшы бүгінде жеке үй салудың тиімсіз нұсқа екенін жеткізді.
"Қазір адамдар жер сатып алып, жеке үй соғудың тиімсіз екенін, оның статистикасының төмендегенін түсінді, керісінше, қазақтар дайын үйді ипотекаға сатып алуға үйренді деп айтуға болады. Оған қоса, халықта толық бір үй салуға жететін қаражат жоқ, олардың қаржылық сауаттылығы жақсарды. Мысалы, бұған дейін адамдар бірінші жылы жер сатып алып, екінші жылы үй салып, үшінші жылы ғана үйдің құрылысын толық аяқтап, көшетін еді. Яғни бір үй салу үшін 3 жыл бойы пәтер жалдайды немесе туыстарының үйінде тұрады. Ал қазір адамдардың ойлау қабілеті өзгерді, олар үйге бірден көшіп барып, айналасындағыларға кедергі келтіргісі келмейді", - дейді маман.
Қайрат Қожановтың сөзінше, тұрғын үйдің бағасына әсер етуші тағы бір фактор - қала ішіндегі жердің тым қымбат болуы. Ол халықтың қолындағы қаражаты жететін жер телімі - қала сыртында, алыста екенін айтады. Ал бұл оларға ыңғайсыз, өйткені көпшілігінің жұмыс орны қала ішінде.
"Қазір адамдар күнде қала сыртынан келіп, қарапайым сөзбен айтқанда бірнеше сағат бойы Алматының кептелісінде тұрғысы келмейді. Адамдар бейімделіп бастады", - дейді сарапшы.
Жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы мемлекеттік ипотекалық бағдарламаның іске қосылуы тұрғын үй бағасына қалай әсер ететінін түсіндірді.
"Сарапшылардың айтуынша, 2021-2022 жылдары БЖЗҚ түскен ақша мөлшері мен "7-20-25" бағдарламасының әсерінен тұрғын үй бағасы қатты өсті. Кейін зейнетақы қорына түсетін ақша тоқтап, "7-20-25" бағдарламасына шектеу қойылғаннан кейін ол баға қайта түседі деп күтілген еді. Алайда баға мүлде өзгермеді, түспеді, көзге көрінбеді. Ал мегаполистер мен үлкен қалаларда баға өзін ұстап тұрып қана қоймай, тағы өсті деуге болады", - дейді маман.
"Құрылыс компанияларының "қара пиары" ғана"
Сонымен қатар, маман Алматыдағы жер сілкінісінен кейін құрылыс компаниялар тұрғын үй бағасын қымбаттатқанын айтты.
"Жер сілкінісіне қатысты айтатын болсам, бізде адамдардың табиғаты сондай дер едім. Бірінші жер сілкінісінен кейін олар қатты қорқып, көпқабатты үйден жеке үйге көше бастады. Тура сол уақыта жеке үйге сұраныс артты. Негізі сарапшылар мұндай кезде көпқабатты үй бағасы төмендейді деп болжағанымен, бізде мұндай құбылыс байқалмады. Яғни көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер бағасы бірқалыпта қалып, жеке үйдің бағасы аз мөлшерде көтерілді. Ешқандай баспана арзандаған жоқ. Сондай-ақ, мұның уақытша құбылыс, әсер екенін айтқым келеді, себебі адамның көпшілігі болған жайтты тез ұмытып кетті. Халық соңғы қатты жер сілкінісінен кейін сабақ алды деп айта алмаймын. Егер тағы да жер сілкінісі болатын болса, алдыңғы дүрбелең қайта басталады, өйткені екі зілзаланың арасында адамдарда дамыл болмады. Қарапайым халық табиғи апат кезінде өзін қалай ұстап, қайда бару керегін, қандай қосымшаны пайданалану керегін білмейді, дабыл жолдорбалары дайын емес. Мұны халық оңай ұмытып көпқабатты үйлерде тұруын жалғастыра береді, одан басқа мүмкіндіктері де жоқ. Сондықтан, менің ойымша жер сілкінісі пәтер бағасына қатты әсер еткен жоқ. Бұл жай ғана "қара пиар" болды деп айта аламын. Бұл арқылы құрылыс компаниялары төменгі қабаттағы пәтерге деген сұранысты арттырып, сәйкесінше бағаны да қымбаттатты", - дейді Қайрат Қожанов.
"Жаңа "9-20-25" бағдарламасы қалай әсер етеді?"
Маманның айтуынша, жаңа ипотекалық бағдарлама нарыққа міндетті түрде әсер етеді.
"Жаңа "9-20-25" бағдарламасы тұрғын үйдің бағасына міндетті түрде әсер етеді, өйткені бұл "7-20-25" бағдарламасы секілді жеңілдетілген ипотека бағдарламасы. Оған мемлекет тарапынан көмекқаржы құйылады, яғни бағдарлама талаптары белгілі бір заңға бағынады. Нақты түрде 1-2 нарықтағы үйлердің бағасына әсер етеді деп айта аламын, барлығы 10-15 пайыздан аспайды деп ойлаймын. Өйткені бағдарламаға шектеу бар, ол болмаса пайыз көбірек болатын еді. Бағдарламаның талаптары мен шектеуі оған қатысатын адам санын азайтады", - деді ол.
Оған қоса, ол мемлекеттік және коммерциялық банктің арасындағы алшақтық жақын болуы шарт екенін қосты.
"Бұл тақырыптағы кілтті сәттің бірі "Отбасы банктің" нарықтағы рөлінің артып келе жатқаны деп ойлаймын. Бұған былтыр басталған банктің депозитіне ақша салып, бірнеше айда бағалау көрсеткішік көтеру ережесі дәлел. Адамдар алғашқы жарнасын құрылыс компания шотына емес, "Отбасы банктің" депозитіне сала бастады, өйткені халық банк беретін пайыздың тиімділігін түсінді. Қазақстан тұрғын үй нарығында теңгерім болуы үшін коммерциялық банктер мен "Отбасы банктің" арасындағы алшақтық жақын болуы шарт, сонда ғана тұрғын үй бағасы бірқалыпта сақталады", - деп қорытындылады ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Массаның атомдық бірлігі неге тең?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә