Сарандағы барлық үйлер мен әлеуметтік нысандар жылуға қосылды. Жылу көздері қажетті отынмен қамтамасыз етілген. Қаланың барлық өндірістік нысандары өндірістік бағдарламаларға сәйкес жұмыс істейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазандықтардың, орталық жылу көзінің, сондай-ақ жылу желілері мен әлеуметтік нысандардың жағдайын тексеріп, жедел штаб отырыстарын өткізді.
"Қазір резервте тұрған барлық жергілікті қазандықтар дайындалып, іске қосылды. Жылу толық көлемде беріліп жатыр. Біз барлық қазандықтарда жылу беру температурасын бақылап отырмыз. Қосымша қазандықтармен кеңейту қажет болған жерлер де жақын арада кеңейтілетін болады. Тұрғындар бұрын болған екі қазандық бойынша сұрақ қойды, бұл үйлер басқа жұмыс істеп тұрған қазандықтарға қайта қосылды", – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Арнайы комиссия құрылып, оның құрамында энергия қадағалау өкілдері, өңірлік және басқа да ведомстволардың басшылары, ТЖД бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Орталық жылу көзін жөндеу кезінде жабдықтарды жеткізуші зауыттың мамандары шақырылды.
"Біз барлық жылу көздерін аралап, жылумен қамту схемасын қалпына келтіру жұмыстарының барысына жеткілікті түрде егжей-тегжейлі талдау жасадық. Келесі шешім қабылданды: орталық жылу көзі іске қосылғанға дейін қаланы жылумен қамтуды жергілікті қазандықтар қамтамасыз етеді. Барлық әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етілген, барлық өндірістік нысандар өндірістік бағдарламаларға сәйкес жұмыс істеп жатыр", - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Үйлерге жылу беру аяқталып келе жатыр. Жағдай энергетика министрлігі мен облыс әкімдігінің бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Саран қаласындағы жылу беру маусымындағы жағдай қатаң бақылауда екенін мәлімдеген болатын.
Үкімет отырысында Саран қаласында жылу беру маусымының басталуы туралы мәселе күн тәртібінен тыс қаралды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Үкімет басшысы бәрін бүгін аяқтауды тапсырды.
"Бұл - Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы", - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің тікелей тапсырмасымен қазір тексеріс жүріп жатқаны белгілі болды.
"Жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардың барлығы жауапкершілікке тартылады", - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ отырыстан кейін энергетика министрі Саран қаласына барып, бәрін тексереді.
"Тексеру нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыс құрамы болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады", - деп ескертті Бектенов.
Қарағанды облысындағы Саран қаласының тұрғындары үйлерінде жылу жоғын айтып шағымданды. Кейін қала әкімі Еркін Баулықов тұрғындардан кешірім сұрап, жақын арада пәтерлерге жылу берілетініне уәде берді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз