- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Саранда ұры дүкен...
Саранда ұры дүкен кілтінің көшірмесін жасап, кассадан ақша ұрлап кеткен
Саранда ұры дүкен кілтінің көшірмесін жасап, кассадан 2 миллион теңгеге жуық ақша ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Polisia.kz.
8 мамырда Қарағанды облысы Саран қаласының Полиция бөліміне 42 жастағы кәсіпкер жүгінген. Әйел меншігінде дүкен барын айтқан. Ол түнде белгісіз біреу дүкеніне кіріп, кассадан 1 миллион 882 мың теңге көлемінде ақша ұрлағанын жеткізген. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келген. Полицейлер сауда нысанының өзін де, оған іргелес жатқан аумақты да тексерген. Олар алдыңғы есіктің де, тор орнатылған терезелердің де бұзылмағанын анықтаған.
11 шілдеде жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 30 жастағы ер адамды ұстаған. Ол кінәсін толық мойындаған. Күдікті сауда нысанының сатушысы оның жақсы досы екенін айтқан. Әйелмен жақсы қарым-қатынасын пайдаланып, күдікті оның дүкендегі кілттерін ұрлап, көшірмесін жасап алған. Содан кейін түпнұсқа кілтті орнына қойып кеткен. Кейін ол ыңғайлы сәтті таңдап, кассадағы барлық ақшаны алып кеткен.
Бұл дерек бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы "Ұрлық" бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ж. Қадыржанова