Сара Назарбаева үш ай бойы ауруханада жатыр

Сара Назарбаева үш ай бойы ауруханада жатыр
Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie

Сара Назарбаева әлі де Президент іс басқармасы медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде емделіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Науқас емделіп жатыр. Барлық іс-шара медициналық көмектің бекітілген стандарттарына сәйкес және білікті мамандардың бақылауымен өткізіледі", - деп жауап берген госпиталь Tengrinews.kz сауалына.

Сара Назарбаеваның диагнозы мен қазіргі жағдайы медициналық құпия, медициналық этикаға байланысты ашық айтылмаған.

5 мамырда Сара Назарбаева ауыр хәлде жатқаны белгілі болды. Кейінірек Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тарады.

Сара Назарбаева туралы не белгілі?

Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Өз тегі - Қонақаева.

1962 жылы Сара Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Араға бір жыл салып Дариға есімді қызды дүниеге әкелді. Көп ұзамай Динара мен Әлия Назарбаева дүниеге келді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. 1992 жылы "Бөбек" қорын ашты. Кейін "SOS Киндердорф" балалар ауылын ашқан.

"SOS Киндердорф" халықаралық қорының алтын медалімен, ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Сондай-ақ, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және "Құрманжан Датқа" мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған. 

Еске салайық, бұған дейін де Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget