Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды

Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады. 

"Желіде Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды", - деп жазды Айдос Үкібай Х әлеуметтік желісінде. 

Сара Назарбаева - 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Өз тегі - Қонақаева.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. 1992 жылы ана мен баланы, жетім балаларды қамқорлыққа алатын және білім алуына жәрдемдесетін "Бөбек" қорын ашты. Қазақстанда тұңғыш "SOS Киндердорф" балалар ауылының ашылуына мұрындық болды.

Қоғамдық жұмысы үшін "SOS Киндердорф" халықаралық қорының алтын медалімен, ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, "Өзін-өзі тану философиясы мен оқу мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін" Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Сондай-ақ бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және "Құрманжан Датқа" мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған. Софи Лореннің Ресей "Қызыл крест" қоғамы тағайындаған "Алтын жүрек" халықаралық жүлдесін тапсырған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!