Сара Назарбаева ауыр хәлде жатыр. Бұл ақпаратты Tengrinews.kz дереккөзі растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сондай-ақ, Алматының Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рафаэль Гасанов Сара Назарбаева ауырып жатқаны туралы ақпарат рас екенін айтты.
Әлеуметтік желіде Сара Назарбаева емделіп жатқан аурухана да аталды. Басылым аурухананың баспасөз қызметіне хабарласқан, бірақ әзірге олар жауап қатпаған.
Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Өз тегі - Қонақаева.
1962 жылы Сара Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Араға бір жыл салып Дариға есімді қызды дүниеге әкелді. Көп ұзамай Динара мен Әлия Назарбаева дүниеге келді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. 1992 жылы "Бөбек" қорын ашты. Кейін "SOS Киндердорф" балалар ауылын ашқан.
"SOS Киндердорф" халықаралық қорының алтын медалімен, ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Сондай-ақ, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және "Құрманжан Датқа" мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған.
Еске салайық, бұған дейін Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз