Сара Назарбаева ауруханадан шығарылды

Сара Назарбаева Президент іс басқармасы медицина орталығының Ұлттық госпиталінен (бұрынғы атауы - Совминка) шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Медициналық мекеме өкілдерінің айтуынша, науқас емдеу курсын аяқтап, 2026 жылғы қаңтарда стационардан шығарылып, дәрігерлердің амбулаториялық бақылауына жіберілген.

Сара Назарбаеваның диагнозы, қазіргі жағдайы медициналық құпия, медициналық этикаға байланысты ашық айтылмаған.

Еске салайық, 2025 жылы 5 мамырда Сара Назарбаева ауыр хәлде жатқаны белгілі болды. Кейінірек Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тарады.

Сара Назарбаева туралы не белгілі?

Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Өз тегі - Қонақаева.

1962 жылы Сара Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Араға бір жыл салып Дариға есімді қызды дүниеге әкелді. Көп ұзамай Динара мен Әлия Назарбаева дүниеге келді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. 1992 жылы "Бөбек" қорын ашты. Кейін "SOS Киндердорф" балалар ауылын ашқан.

"SOS Киндердорф" халықаралық қорының алтын медалімен, ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Сондай-ақ, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және "Құрманжан Датқа" мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!