- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сара Назарбаева ашқан...
Сара Назарбаева ашқан институттың да атауы өзгертіліп жатыр
Республикалық ономастикалық комиссия экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бәйбішесі Сара Назарбаева негізін қалаған "Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының" атауын өзгертуге рұқсат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Халық үні" сайтына сілтеме жасап.
"Келесі мемлекеттік нысандардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың, мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың ұсыныстары бойынша атауларын өзгерту туралы оң қорытынды берілсін: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұсынуы бойынша (...) "Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты" ендігі жерде "Өркен" балалар салауаттылығы ұлттық ғылыми-тәжірибелік институты" болып өзгертілсін" делінген Республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысында.
Сонымен қатар, комиссия басқа да біраз атауды өзгертуге рұқсат берді.
Олар:
- Рудный индустриалды институтын Рудный индустриалды университетіне;
- Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық "Жас Ұлан" мектебін Бауыржан Момышұлы атындағы әскери колледжге;
- Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық "Жас Ұлан" мектебін Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледжге;
- Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық "Жас ұлан" мектебін Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжге;
- Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Оқу орталығын Ішкі істер министрлігінің Оқу орталығына;
- Электр энергиясы нарығының қазақстандық операторы Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы атауына көшті.
Еске сала кетсек, "Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты" бұған дейін "Өзін-өзі тану" пәні бойынша "мұғалімдердің біліктілігін арттыра алатын" мекеме ретінде жарияланған болатын. Оның да авторы – Сара Назарбаева.
Ал "Адамгершілік-рухани құндылықтарды жаңғырту жобасы" ретінде белгіленген пән бұған дейін Қазақстан мектептері үшін міндетті пәндер тізімінен шығарылған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина