Сапасыз бензин салдарынан бұзылған көлікті жөндеу шығынын өтеу ұсынылды

Қазақстанда көлік иелерінің АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасына қатысты шағымы көбейген. Құрылтай депутаты Асхат Рахымжановтың сөзінше, көлік иелері жанармай құйғаннан кейін көліктері дұрыс жұмыс істемей, бүріккіштер, оталдыру шамдары, катализаторлар сияқты қымбат бөлшектері істен шығатынын айтып отыр. Кей жағдайда жөндеу шығыны 200-600 мың теңгеге дейін жетеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тексеріс кезінде не анықталды?

Асхат Рахымжанов осы мәселені көтеріп, жанармай сапасына мемлекеттік бақылауды күшейтуді және сапасыз мұнай өнімдерінен зардап шеккен азаматтарға келген шығынды өтеу механизмін енгізуді ұсынды.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында Асхат Рахымжанов кейінгі уақытта бензин сапасы нашарлауына қатысты шағым жиілегенін айтты.

Депутат келтірген мәліметке сүйенсек, 2026 жылы жүргізілген бақылау кезінде марка мен сапа талаптарына сәйкес келмейтін жанармай сату деректері анықталған. Мысалы, Алматыда АИ-100 ретінде сатылған бензиндегі күкірт мөлшері рұқсат етілген нормадан үш есе асып кеткен. Ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен АИ-92 бензині сатылған.

Асхат Рахымжановтың айтуынша, мәселе тек жанармай өндірумен шектелмейді. Зауыттан сапалы шыққан өнімнің өзі тасымалдау, сақтау, тиеу-түсіру немесе сату кезінде бастапқы сапасын жоғалтуы әбден мүмкін. Сондықтан жанармай сапасы нақты қай кезеңде нашарлағанын анықтау қиын.

Депутат қандай ұсыныс жасады?

Осыған байланысты депутат ЖҚС мен мұнай базаларынан алдын ала ескертусіз сынама алуды және жанармайды жүйелі түрде зертханалық тексерістен өткізуді ұсынды. 

Бұдан бөлек, ол жанармай бекеттеріне QR код орналастырып, тұтынушыларға өнімнің шыққан тегі мен зертханалық тексеріс нәтижелері туралы ақпаратты алдын ала көруге мүмкіндік беруді ұсынды.

Депутат сапасыз жанармайдан көлігі бүлінген азаматтарды қорғау механизмін енгізуді де сұрады. Оның пікірінше, көлік иесіне диагностика мен жөндеу шығынын өтеу мүмкіндігін қарастыру қажет. Кейін бұл қаражат жанармай сапасы нашарлауына кінәлі тараптан өндіріп алынуға тиіс.

Асхат Рахымжанов сапасыз жанармай анықталған ЖҚС, заңбұзушылық сипаты және қабылданған шаралар көрсетілетін ашық мемлекеттік тізім құруды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, жанармай сапасына бақылау тек мұнай өңдеу зауытынан шыққан кезде емес, өнім тұтынушының көлігіне құйылғанға дейін де қамтамасыз етілуі керек.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!