Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалған Бердібек Сапарбаев бүгін Қордайдағы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
- Қазір Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы билікпен бірігіп, жұмыс жасауда. Бес күннің ішінде дәрігерге кеп 178 адам қаралған, оның 19-ы – полицейлер. Ал көз жұмғандардың саны 10-ға жетті, өкінішке орай. Комиссия мүшелері мемлекет басшысының атынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты, - деді Сапарбаев үкімет отырысында.
Жаңа әкімнің сөзіне қарағанда, қазір 33 адам ауруханада жатыр. Оның 20-сы Алматы ауруханасында.
- Қырғызстанға кеткендер кері қайтарылды, қазір олар Алматы мен Таразда. Қырғызстанда ешкім қалған жоқ. Олар дәрігердің қарауынан өтті. Ал Қордайға келген дәрігерлер – Алматының мықты, білікті дәрігелері екенін айта кеткен жөн, - деп толықтырды Сапарбаев.
Әкімнің сөзінше, аудандағы мектептер мен балабақшалар толық режімде жұмыс жасап жатыр. Жабылғандары жоқ.