Сапар құны үш есеге жуық өскен: inDrive-қа ескерту жасалды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама бұзылуына және тұтынушылардың құқығы шектелуіне әкеп соғуы мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Бұған 11 қазанда "Яндекс Go" сервисі уақытша жұмыс істемеуіне байланысты жолақысы едәуір қымбаттағаны туралы хабарламалар негіз болған.

Азаматтар такси шақыруға арналған балама платформаларға жаппай ауысуы нәтижесінде inDrive қызметіне сұраныс айтарлықтай артқан. Желі қолданушыларының сөзінше, кейбір жағдайларда сапар құны үш есеге жуық өскен.

inDrive сервисінің жұмыс істеу ерекшелігіне байланысты сапар құны жолаушы мен жүргізуші арасындағы келісім бойынша белгіленеді. Бос көліктердің тапшылығы жүргізушілер ұсынатын тариф едәуір өсуіне әкеп соққан.

"inDrive компаниясының БАҚ-та таратқан ақпаратына сәйкес жағдайды тұрақтандыру мақсатында сервис комиссияны міндетті салықты жабуға жеткілікті ең төменгі деңгейге дейін түсіріп, баға бойынша саудаласудың шекті ауқымына қатысты шектеулер енгізген", - деп жазылған хабарламада.

БҚДА не дейді?

Агенттік мәліметінше, халықаралық тәжірибеде төтенше жағдайлар мен өзге де тосын жағдайлар кезінде тариф күрт өсуін тежеу тетіктері қолданылады.

"Кәсіпкерлік кодекстің 174-бабына сәйкес тұтынушылардың айқындалмаған тобының заңды құқығына нұқсан келтіретін әрекет бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері болуы мүмкін. Осыған байланысты агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабы 1-тармағына сәйкес жазбаша алдын ала ескерту жолдады", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, 11 қазанда Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлерге арналған "Яндекс" сервистері істен шықты. 

Бұған дейін Ресейдегі "Яндекс" деректер орталығына жасалған кезекті шабуыл салдарынан елдің ірі қалаларында, соның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербургте тұрғындар такси шақыра алмай отырғаны айтылған еді. Беларусь пен Арменияда да осындай ақау байқалған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!