- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сапаның дәмі бар,...
"Сапаның дәмі бар, жабысып қалу күшті": Алматыдағы "біртүрлі" жарнама мәтіндеріне кім жауапты?
Қала көшелерінде, автобустарда түрлі жарнама мәтіні ілінеді. Кейбір тұрғындар сол мәтіндердегі қатені бірден байқаса, енді бірі жиі мән бермейді. Massaget.kz тілшісі Алматы көшелеріндегі жарнама мәтініне байланысты филологтың пікірін сұрады. Бұл орайда Алматы қаласы әкімдігіне ресми сауал да жолдап, жарнама мәтініне кім жауап беретінін анықтауға тырысты.
Қала көшелерінде қандай жарнама мәтіндері ілініп жүр?
- "Жабысып қалу - күшті! Залипать - это круто
- Фермерлік өнімдердің дүкенінің ашылуы - Открытие магазина фермерских продуктов
- Спортқа арналған тауарлар. Сенің үйіңде жаттығу залы - Товары для спорта. Тренажёрный зал в твоём доме
- Ең жақсы сый беруші бол - Стань лучшим дарителем
- Қамқорлықпен бөліс - поделись заботой
- Күтпеңіз, тезірек звондаңыз - Не ждите, срочно звоните
- Зәр шығаруға насваймен түкіруге тыйым салынады! - Запрещено плеваться насваем в писсуар!
- Сапаның дәмі бар - Качество со вкусом
Суреттер: Massaget.kz
Ғалым пікірі қандай?
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Әлеуметтік лингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлсінай Исаева біз байқаған қате жарнамалардың кейбіріне талдау жасады. Ғалымның айтуынша, жарнама мәтініндегі қатенің негізгі 3 себеп-салдары бар.
1. Лингвистикалық сауатсыздық. Қазіргі жарнама мәтіндеріндегі грамматикалық қате қолданыстар грамматика мен емле ережелерінің дұрыс сақталмауынан болады. Сонымен қатар, мәтіндегі ерекше стилистикалық шешім жарнаманың ойын, мақсатын дұрыс айқындап тұрғанымен, ол қазақтың тіл мәдениетіне, әдеби нормасына қайшы келуі мүмкін. Сауатсыз жарнама мәтіндері қажетсіз, кейде орынсыз қолданылған сөздердің көптігімен ерекшеленеді. Мысалы, Спортқа арналған тауарлар Сенің үйіңде жаттығу залы - Товары для спорт зала Тренажёрный зал в твоем доме. Бұл жерде мәтіннің орысшасын оқымай, қазақша жарнаманың мәнін түсіну мүмкін емес.
2. Халық дүниетанымына жат. Қазіргі жарнама мәтіндерінде кездесетін келеңсіз қолданыстар бұқаралық санаға әсер етіп, олардың сөйлеу мәдениетіне ықпал етеді. Интеллектуалды ақпаратты жақсы меңгерген ересектен бұрын буыны қатпаған жас ұрпаққа ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіру қиын. Сонымен қатар, қағаз бетіне басылып шыққан әрбір сөзді халық дұрыс деп санайды. Себебі олар бейсаналы түрде "Жазылып жүрсе, демек дұрыс" деп қабылдайды. Нәтижесінде қарым-қатынас мәдениетінің негізгі принциптері бұзылады. Мысалы, Алматы көшелерінде тұрған жарнама пилонында "Өзіңді еркелететін кез келді! Побалуй себя сейчас!" деген мәтінді көруге болады. Қазақ тілінде "өзіңді еркелету" қолданысы қаншалық дұрыс? "Өзіңді еркелетші" немесе "Мен бүгін өзімді еркелетейінші" деп сөйлейміз бе? Ал келер ұрпақтың тура осылай сөйлемейтініне кім кепіл?
3. Мәдени-әлеуметтік фактор ескерілмейді. Жарнама мәтінінің сөз қолданысында шектеу жоқ. Ең бастысы басқа мәтіндер сияқты сауатты, әдеби нормаға сай құрылуы тиіс. Ал оның идеялық құрылымы мақсатты аудиторияның ерекшелігіне байланысты таңдалады. Жарнаманың ойы арқылы оның қай әлеуметтік топқа арналғанын анықтай аласыз. Мысалы, жабысып қалу – күшті! Өкінішке қарай, көп жағдайда жарнама мәтінінде әдеби тілдің талаптары орындалмайды.
Әкімдік не дейді?
- Жарнама мәтініне талап қойыла ма?
Жарнама мәтіндеріне қатысты редакция сауалдарына Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы жауап берді.
"Жарнама" туралы заң бойынша Қазақстан аумағында жарнама қазақ тілінде, одан бөлек жарнама берушінің қалауы бойынша орыс тілінде және басқа тілдерде де жарияланады екен. Ал "Тілдер туралы" заңға сүйенсек, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және басқа тiлдерде де жарияланады.
"Деректер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мына ретпен: мемлекеттiк тiлде сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады", - деп жазылған ведомство жауабында.
Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы жарнаманың ілінуін бақылап, жарнаманы орналастыру туралы хабарламаларды қабылдап, қарайды.
- Жарнама мәтінінде қате кетсе, қате аударылса, қандай шара қолданылады?
"Заңнама нормаларын бұзу деректері анықталған жағдайда басқарма жарнамані ілген субъектілерге заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жібереді. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда бақылау субъектісіне бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсыным жіберіледі. Бақылау субъектісіне анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс", - деп жазылған ведомство жауабында.
- Жарнама мәтіндері арнайы қадағаланып отыра ма?
"ҚР қолданыстағы тіл және жарнама туралы заңнамасына сәйкес жарнама мәтіндерін арнайы қадағалау, тексеру, түзету деген құзірет ешқандай мемлекеттік органда жоқ. Жарнама мәтінінің мазмұнына жарнама берушінің өзі ғана жауапты. Алайда көп жылдан бері қалада қате жарнамалардың орналасуының алдын алу мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің қазақ тіліндегі жарнама мәтінін қарау, түзету, келісу жұмыстары жарнама беруші кәсіпкерлердің келісімі негізінде жүзеге асырылып келеді", - деп жазылған ведомство жауабында.
- Қандай жарнамаға тыйым салынады?
"Жарнама туралы" заңның 7-бабы 6-тармағына сәйкес жөнсiз жарнамаға тыйым салынады. Жөнсiз жарнама - мазмұнына, уақытына, таратылу, орналастырылу орнына және тәсiлiне қарай заңда белгiленген талаптар бұзылуына жол берiлген жосықсыз, дәйексiз, әдепсiз, көрiнеу жалған және жасырын жарнама", - деп жазылған жауапта.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова