Сап түзе! Алғашқы әскери лагерь кімдерге арналған?

Сап түзе! Алғашқы әскери лагерь кімдерге арналған?
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Республикалық "Балдәурен" оқу-сауықтыру орталығының филиалдары биыл нағыз әскери алаңға айналды. Бұл лагерьде балалар бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймайды, әскери-патриоттық тәрбие алады. Ерекше бағдарлама алғаш рет әскери қызметшілердің балаларына арналып, ұйымдастырылды.

Жаз бойы "Балдәурен" оқу-сауықтыру орталығында жазғы демалысын мыңнан астам бала өткізді. Қарулы күштер әскери қызметшілерінің балалары үшін Түркістан, Бурабай, Балқаш қалаларындағы филиалдар қызмет етіп жатыр. Ал ақтаулық оқушылар Қонаев қаласындағы филиалға жайғасты.

Бұл демалысқа, әсіресе, шалғайдағы гарнизондарда қызмет ететін, толық емес және көпбалалы әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың балалары бірінші кезекте жіберілді. Лагерьдегі бір ауысым 21 күнді қамтыды. Бұл уақыт аралығында балалар мәдени-сауықтыру іс-шараларына қатысып, мектеп бағдарламасы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде білім алды.

Мұндай әдеттегі лагерді әскери өмірге алмастыру идеясы сәтті шешім болғанға ұқсайды. Балалар әскери бөлімдерді аралап, нағыз саперлер мен десанттардың тірлігімен танысады. Қару-жарақ пен әскери техниканың қыры мен сырын біліп жатыр.

Күн сайын таңертеңнен бастап "Балдәурен" орталығында мектеп бағдарламасын қайталау да қарастырылған. Кітап тасудың қажеті жоқ - филиалдар барлық қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етілген. Ал түстен кейін балалар сауықтыру, спорттық және мәдени шараларға қатысады.

Құрлық әскерлерінде қызмет ететін әскери қызметшінің 12 жастағы ұлы Данил Хамитов лагерьдегі күндерін ұмытпай жүр. Оның айтуынша, лагерьде барлық жағдай жасалған: таза бөлмелер, дәмді тағамдар және қызықты үйірмелер.

"Біз бассейнде жүздік, онда нұсқаушылар бізге суға жүзуді үйретті. Көлде катамаранмен серуендедік", - дейді Данил.

Айта кетейік, жаңа жобаны өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұсынған болатын.

"Балдәурен" орталығының төрт филиалында әскери қызметшілердің және Қарулы күштер қызметкерлерінің балаларына демалу арнайы квоталар арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды да бұл лагерьде оңалту мүмкіндігі бар.

Massaget.kz