Үкімет басшысының орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев саңырауқұлақ пен жеміс-жидек теретіндерге салық салудың жаңа нормасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жауапты шенеунік Қазақстанда мұндай алым түрінің осы уақытқа дейін де болғанын еске салды.
"Бұған дейін дәл осы талап тек ерекше қорғалатын аймақтарда, яғни ұлттық парктерде, қорықтардың аумағында қолданыста болды. Енді бұл заң Қазақстанның барлық аймағында күшіне енеді. Жаңа өзгерістің қарапайым бұқараға еш қатысы жоқ", - деп түсіндірді Жамаубаев.
Оның айтуынша, бұл салық түрі өсімдіктерді көп мөлшерде жинайтын, дәрілік препараттар жасайтын немесе сауда-саттық мақсатында пайдаланатын кәсіпкерлерге қатысты.
Ал елімізде маусым кезінде көпбалалы отбасылар да саңырауқұлақтар мен жеміс-жидектерді теріп, саудалап жатады. Журналистер "мұндай жағдайда да заң аясында жауапкершілік жүктеле ме" деп министрден сұрады.
"Бұл жағдайда салық салынбайды. Бұл заң қарапайым халыққа қатысты емес", - деп жауап берді Үкімет өкілі.
Айта кетейік, 2024 жылдан бастап Қазақстанда саңырауқұлақтар мен жеміс-жидектерді тергені үшін кейбір азаматтарға салық төлеуді міндеттейтін заң күшіне енеді.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!