Қызылордалық Асылжан Абдуллаев мал бағатын құрылғы ойлап тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл құрылғы арқылы төрт түлікті өріске жіберіп, оны дромен бақылап отыруға болады. Жас өнертапқыш бұған дейін QazaqGPT-дің алғашқы прототипін жасаған еді. Жасанды интеллект сурет салып, сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ, сурет және дыбыстық хабарламалар жасауға қабілетті. Барлық ақпарат қазақ тілінде. Жобаға америкалық сарапшылар оң бағасын берген.
"Біз YOLO атты компьютер моделін қолданамыз. Яғни, біз осыны оқыта отыра, жасанды интеллект, яғни, дрон малшының жұмысын өзі атқарады. Өзі бағады, өзі малдың санын санап тұрады. Қазіргі таңда 12 дара кәсіпкер пайдаланып жатыр", - деді жоба авторы.
Ауылда отырып бір емес, бірнеше жобаны жүзеге асырған Асылжан түрлі байқауға қатысып, жеңімпаз атанған. Ол жуырда өз командасымен бірге Caspian startap байқауында ІІІ орын иеленіп, жобасына инвестиция тартыпты. Топ жетекшісінің айтуынша, бұл жоба айдалада жоғалып кеткен адамдарды табуға да көмегін тигізетін көрінеді.
"Біздің басты мақсатымыз - Қазақстанның ауыл шаруашылығын цифрландыру. Соңғы 2023 жылғы статистика бойынша 163 адам мал бағып жүріп жоғалған. Сондықтан біз осы жобаны және стартапты жүзеге асыра бастадық", - дейді оқушы Әлкен Сейітбек.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!