Жазда көпшілігі шет ел аралап, демалғанды жөн көреді. Ал белгілі өнер адамдары қайда демалып жүр? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Гүлзира Айдарбекова мен Нұртас Айдарбеков қайда демалып жүр?
Продюсердің сөзінше, бұл жолы демалысқа жолдасы әкелген.
"Шет елге саяхаттауды ұнатпаймын" деп жүрген Нұрекең "демалғың келіп жүрсе, өзім-ақ алып барайын" деп, билеттерімізді жылдам дайындатып ...осында келіп қалдық. Арқа сүйер асқар тауымыз аман болсын!" - деді Гүлзира Айдарбекова.
Гүлзира Айдарбекованың Instagram-парақшасындағы сурет-видеоларға және ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, олар орналасқан курорттық қонақүй Саадият аралы ауданында, Лувр Абу-Дабиден 3,7 шақырым қашықта орналасқан.
Қайрат пен Жұлдыз қайда?
Ел ішінде қызу талқыланған жұлдызды жұп Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Абдукаримова да балаларымен бірге отбасылық демалыста. Олар демалыстың фото-видеоларын белсенді түрде Желіге жариялап отырады.
Жұлдыз Абдукаримованың өзі де Түркияда демалып жатқанын, үлкен ұлы Нарұл ғана келе алмай қалғанын айтқан болатын. Кейінірек оларға Нарұл да қосылған.
"Нарұл "Один домадағы" Кевин болды. Аман-есен жанымызға жетті. Ұшақта жалғыз ұшып келе жатқанын біліп, ерекше қамқорлықпен қараған жолаушыларға, жолсеріктерге рақмет. Хан ағасын қатты сағыныпты", - деп жазды актриса.
Алтынай Жорабаева қайда демалып жатыр?
Әнші әлеуметтік желіде Түркияға отбасылық демалысқа бара жатқан видеоларын жариялаған. Олар Аланияға барған.
"Аланияға қош келдік", - деп жазған әнші екі күн бұрын Желіде.
Ашық дереккөз мәліметінше, бұл жер Жерорта теңізі жағалауындағы Тавр тауларының етегіндегі түбекте орналасқан.
Мадина Садуақасова қайда барды?
Ол Instagram-парақшасында отбасымен Абу Дабиге барғанын айтты.
"Абу Даби. Ауа райы 39 градус. Алдағы күндер осы сұлулықтың ішіндеміз", - деген еді әнші.
"Рахаттанып демалдық, Мадикош Абу Дабиде. Жаным, тәнім, көзім де демалды. Теңіз, әдемі қонақүй, түрлі тағам, хош иіс, музыка…", - деген әнші демалыс аяғында.
Ашық дереккөз мәліметі бойынша, Абу-Даби - Біріккен Араб Әмірліктері мен Абу-Даби әмірлігінің орталығы.
Сәкен Майғазиев қай елде жүр?
"МузАрт" тобының мүшесі, танымал әнші Сәкен Майғазиев жұбайымен бірге ел аралап жүр.
"Ежелгі Римнен сәлем, достар!" - деп жазған әнші әлеуметтік желіде.
Ол кейінірек Италияда екендерін айтқан.
"Италиядан ыстық сәлем! Әлемді саяхаттау сіздерге де бұйырсын. Тілектес жандарға алғыс білдіреміз", - деді ол.
Сондай-ақ, әнші Санториниде демалып жүрген сәттерін Stories-те көрсеткен.
"Санторини, сен маған қатты ұнадың. Тағы да қайтып келуді нәсіп етсін", - деп жазды Сәкен Майғазиев.
Дереккөздерге сүйенеск, Санторини (ресми атауы - Тира) - Эгей теңізіндегі Грекияға тиесілі Циклад аралдарының бірі.