Санжар Ташкенбай бокстан әлем кубогының финалына жолдама алды

Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай Қытайда өтіп жатқан Әлем кубогының 1/2 финалында испандық Мартин Молина Сальвадорды жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

50 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жекпе-жек үш раундқа созылды. Қазақстандық боксшы кездесу бойы басымдығын көрсетіп, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады және барлық компонент бойынша басым түсті.

Төрешілер үш раундта да жеңісті қазақстандыққа берді. Сонымен қатар, шешуші раундта рефери испандық боксшыға нокдаун есептеді.

Кездесу 5:0 есебімен Санжар Тәшкенбайдың пайдасына аяқталды.

Осылайша, қазақстандық боксшы турнирдің финалына шығып, алтын медаль үшін бақ сынайтын болды.

Еске салайық, Санжар Тәшкенбай 48 және 50 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде әлем чемпионы атанған болатын. Қазір ол - World Boxing нұсқасы бойынша қолданыстағы әлем чемпионы.

Бұдан бөлек, қазақстандық боксшылар тағы екі жартылай финал жекпе-жек өткізеді. Финалға жолдама алу үшін Аида Әбікеева мен Айбек Оралбай жұдырықтасады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!