Санжар Боқаевқа қатысты іс: Бас прокуратура тың деректі жария етті

Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Санжар Боқаев нақты не үшін күдікті деп танылғанын айтты. Бұл туралы ол Сенатта өткен брифингте мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерлан Өтегеновтің сөзінше, Санжар Боқаев алаяқтық жолмен аса ірі мөлшерде қаражат жымқырды және ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырды деген күдікке ілінген.

"Қазір бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Алаяқтық дерегі оның ұлттық компанияда жұмыс істеген кезіне қатысты", - деді Бас прокурордың орынбасары.

Ашық дереккөздегі мәліметке сүйенсек, Санжар Боқаев 2015-2018 жылдар аралығында "ҚазТрансГаз" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болып жұмыс істеген.

Мән-жайы

Еске салайық, 18 наурызда Алматыда Санжар Боқаев ұсталған болатын. Бас прокуратура мәліметінше, Санжар Боқаев жалған ақпарат тарату және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың қоғамдық саябақ аумағында ағаштарды заңсыз кескені және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлағаны туралы видео жариялады деген күдікке ілінген.

"Тергеу дерегіне сәйкес Санжар Боқаев осы қылмыстарды ұйымдастырып, қаржыландырған. Ол үшін табысы төмен адамдарды тартып, оларға ақшалай сыйақы беру арқылы ағаш кесу мен ұрлық жасауға тапсырма берген. Сондай-ақ, ол аса ірі мөлшерде қаражатты алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке ілініп отыр", - деп жазылған бұған дейінгі хабарламада.

Кейін Санжар Боқаев ұсталған сәттің видеосы тарады. 

Сонымен қатар, белсенді екі айға қамауға алынды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!